Сұлулық бізге, әсіресе әйелдерге көптік етпейді. Дегенмен қолдан сұлулану, жасару үрдісі адамның ішкі дүниесін жалаңаштап бара жатқан сияқты. Бұл күнде жетпістегі кемпір жоқ. Әсіресе кешкі той-томалақта жасы келген егде апаларға әрі кетсе алпысты ғана бересіз. Мәселенің қиыны әдемі қартаюда емес, жасара түскен сайын жасарамын деп жастық желігі басылмауында жатыр.
Аппақ шашын қараға бояп жастардан қалмай, жастарша билеп, жастарша сөйлеп, кәрілікті мойындағысы келмейтіндер көбейіп барады. Жасарған сайын ақылы азайып бара жатқандардан қорқамыз. Мұны қалай түсінуге болады? Жас болған, дені сау болған жақсы, бірақ қазақы ұғымызға сай адамның үлкендік дәрежесіне жетіп, төрден орнын алып, өзінен кейінгіге жөн-жобасын айтып, үлгі болатын адамды күндіз шаммен іздеп табу қиын. Ұлтымызға төнген бар жамандықты Батыстан іздейтін әдетімізбен бұл мәселенің мәнін сол жақтан қарастырдық. Сырт көзге дені сау, көңілі жай, әдемі сыртқы келбетімен төрт құбыласын түгел етіп көрсету өткен ғасырдың 60-жылдары басталып, бізге жеткен түрі осы екен. Ал бүгінгі «жасару» осы қайшылықтарға қарсы амалдай көрінеді.
Адамның сыртқы пішіні мен киім киісіне ғана мән беріп, «әдемі әйел» имиджін жасауды «эйджизм» құбылысы деп айтады екен. Адамның басқа біреуді түріне байланысты кемсіту, сыртқы келбетіне қарап бағалау, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болса, бұл соны меңзейді.
Бастапқыда «эйджизм» қарттық пен қартаюға қатысты жағымсыз стереотиптердің жиынтығы ретінде қаралыпты. Яғни адамның жасына байланысты кемсіту, жасы мен түріне қарап теріс пікір қалыптастыру, ойындағысына сай келмесе, адам қатарына санамауды айтады. Мұның да қатері бар. Қоғамда өмір көрген, ел басқарып, халықтың алдына шыққан егде адамдардың мүмкіндігін жоққа шығарып, қоғамда аға ұрпақ пен жас буынның арасындағы үйлесім жоғалып, адами қоғам құрудың мүмкіндігін жоюда.
Бұрын «Түсі жылыдан түңілме» деп киген киімі мен сырт келбетіне көп мән бермейтінбіз. Парасатты, кең жүректі адам болса, ішкі сұлулығы жүзін нұрландырып, сол шуақты айналасындағылар жақсы бағалайтын, адам пікірі соған қарай қалыптасатын.
Рас, біздің қоғамда соңғы отыз жылда қарттарға қатысты нақты тұжырым, әлеуметтік бағдарламаның ұлттық негізге қарай икемделмегенін тәжірибеден көріп жүрміз. Қарттардың белсенділігін арттыруға жағдай жасап, «жасартуды» жылдамдатып жібергендейміз. Жақсы әже болып, немересін бағып тыныш отырғаны дұрыс дейтіндер – бір жақ, «келіннің құлы емеспін» дейтіндер – екінші жақ. Екеуі ортақ келісімге келмеген соң, отбасы құндылығы шайқалып жатыр.
Дүбәра қарттардың да күні қараң. Күнделікті тірлікте де олардың жасына сай сәнді киініп, кәрі ағзаға жұғымды, сапалы тамақ жоқтың қасы. Бас ауырып, балтыр сыздағанда «жасыңыз келді ғой» деп табиғи қарттыққа қарсы шарасыз дәрігерлер қолын жаяды. Осыдан келіп қарттар өзін-өзі іштей жеп, өзін шектеу басталады. Мұндай рухани құлдыраудың басы қарттыққа дайын болмау, ішкі жан дүниесін толтыратын нәрсені тек жастық қайраттан іздеп, ұлттық тамырымызға, асыл дінімізге, отбасы құндылығына мән бермеуде жатыр. Оған жол сілтеп, бағыштап отырған да ешкім жоқ. Қоғамда оң үрдіс болмайынша, мешіт бар міскінді түгелдей алмайтыны хақ. Сосын жасармағанда не істейді?! Бұдан шығатын бір-ақ қорытынды бар. Адамның психологиясындағы басты мәселелердің бірі – қазіргі қоғамдағы сыртқы келбеттің маңызы мен құндылығы, сондай-ақ оған деген қатынасы адамның өзін-өзі бағалауды анықтайтын өлшемге айналып барады. Өзінің сыртқы келбетіне алаңдау, қоғамдағы қалыптасқан «канондарға» сай болу үшін қасты қалыңдатып, бетті тартып, денені өзгертуге деген ұмтылыс бар. Сырт келбетіне алаңдағандар ішкі байлығын қалтырыста қалдырып, өңмеңдеуде. Ол аздай, бұқаралық ақпарат құралдары, теледидар және интернет адамның психикасына әсер ете отырып, белгілі бір сұлулық стандартын қалыптастырып келеді. Тартымды сыртқы келбеті бар, сәнді киінетіндер қарапайымдарға қарағанда анағұрлым қолайлы жағдайда болып, басқалар тарапынан оң бағаланатыны да рас. Осыдан келіп адамның өзінің дене пішіміне, салмағы мен көз-қабағына, айта берсе жетерлік, көңілі толмайтын халге жетеді. Бір жақсысы, бәрін қалауынша өзгертіп беретін эстетикалық медицина дамып жатыр. Әрі-беріден соң мұның астарында белгілі бір мүдде жатыр ма деп қаласың.
Бұрын сөзінде тұрағы, табанының бүдірі жоққа ғана «өзің дуанасың, кімге пір боласың» дейтінін естуші едік. Енді, міне, сырт киіміне қарап-ақ ішкі келбеті мен парасатына бағамдамай, осы ой алдымен сумаңдайды. Заман өзгерді деген осы да...