«Рухымды көріп тұрғанда, руымды сұрап қайтесің?»

«Рухымды көріп тұрғанда, руымды сұрап қайтесің?»
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана көшесінде алшаң басып келе жатқан таныс ағама жолықтым. Аман-саулықтан соң «Осы қалада тұрып жатырмысың? Бәрекелді! Астана – жақсы қала, талайының жапырағы жайылып жатыр, үйренісіп кетесің» деді. Мен бір үйренісе алмай жүргендей. Аяушылық сезімімен тілеген тілегін құп көрмедім. Себебі бар. Себебі Астанаға көшіп келгендердің азып-тозып кетті дегенін керең болғыр құлағым естіген емес. Содан шығар, қитығып қалдым.

Тағы бірде әлгі ағаммен жолымыз түйісіп қалды. Сонда ол «кіші жүздің ұлы екенсің ғой, ана ағаңа бар, саған көмектеседі. Өз ағаңның тілін тапсаң, жаман болмайсың» дегеніне «Аға, рушылдықты сіздер екен ғой түп тамырымен жоя алмай жүрген. Өлсем де бармаймын!» дедім. Содан әлі күнге миымнан рушылдық мәселесі шыққан емес. Жершілдік, ағайыншылдық деген ұғымнан алыстамайынша, аяқ өрге баспайтын шығар.

– Қазақ атам заманнан бері «Тегін білу – тектілік, жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деп ұрпағын әрдайым тектілікке, бекзадалыққа, береке-бірлікке тәрбиелеп отыр­ған. Жеті ата араламай қыз беріп, қыз алыспауды заң етіп ұстанып, әулет бойына таза қан, асыл сүйек, бегзада қасиет дарытып, биогенетика ғылымын жан дүниесіне сіңіріп өскен өркениетті халық екені белгілі. Бірақ ілкі кезеңдерде кейбір бейсана бейшара тобырлардың оны рушылдық, топшылдыққа пайдаланып, қазақты іштен ірітіп, қақырата қан қақсатқан тұсы аз болмаған. Бүгінде өз руынан белгісізден би сайлап, белдеусізден үй тігіп, байлаусыздан батыр жасап, елді, жерді бөлмелеп, елдігімізге, егемендігімізге есалаң ессіздікпен улы жылан рушылдықты сумаңдатып жүргендер бар. Оны жасырып қалуға болмайды, – дейді Жазушылар одағының мүшесі, ақын Тәпей Қайысхан.

Қазақтың кере қарыс маңдайына сыймай кеткен ақын Сағат Әбдуғалиев бір өлеңінде «Рухымды көріп тұрғанда, руымды сұрап қайтесің» деп жырлаған еді. Шынтуайтында, рухыңды көріп тұрып, руыңды сұрағандардан кейде секем алып қаласың. Әрине, қан тазалығы үшін ру сұрасқанның әбестігі жоқ шығар, алайда үй ішінен үй тігуге болмайтынын қалай түсіндірсе болады екен?!

– Ру – халқымыздың тарихын, шежіресін және тамырын тануға мүмкіндік беретін әлеуметтік-мәдени ұғым. Оның негізінде ағайынға жақын болу, өзара қолдау көрсету сияқты дәстүрлі құндылықтар жатыр. Мәселен, басына қиын іс түскен жағдайда бір-бірінен сүйеу табу, туыстық байланысты сақтау, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру дегендей. Ал рушылдықтың қоғамға тигізер зияны өте ауыр. Қызметке, лауазымға тағайындар кезде адамның білімі мен қабілетін ескермей, «қай рудан?» деген ұстаныммен қарау – әділетсіздік. Бұл қоғамдық бірлікке сызат түсіреді. Рушылдық күшейген жерде ұлттық мүдде кейінге ысырылып, топтық мүдде алдыңғы орынға шығады.

Қазір бір ауылда өсіп-өнген бір рудың балалары ата-­анаға бөлініп, орталарынан көсем сайлап, қор құрып, ас беруді дәстүрге айналдырды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Әруаққа құран бағыштау да керек шығар. Бірақ сол игілікті ісің тар шеңберде қалып қоятыны жаман. Одан да 90-жылдардың топалаңында жан-жаққа тарыдай шашыраған ауылдастар туған жерін көркейтуге жұмылса дейсің. Бірақ естір құлақ болса, кәнеки...

Руыңды білу – міндет, рушыл болу – індет. Рудың тамыры дәстүр мен туыстық байланыс­та болғанымен, оны қоғамды жікке бөлетін құралға айналдырудың пайдасы шамалы. Рулық сана тарихты тануға қызмет етуі керек. Бізге керегі – ұлт болып ұйысу, – деген пікірін білдірді ақын Мұхарбек Жәкейұлы.

Рас, ауыл-ауыл болып, ата-бабасын дәріптеп, ас беріп, тазы жүгіртіп, аламан бәйге жасап жатқан ағайын ісіне тосқауыл бола алмайсың, десе де қазақ қоғамындағы рушылдық пен жершілдік – ұлттық тұтас­тық тұрғысынан аса сақтықты қажет ететін құбылыс. Руды білу, ата текті тану, туған жерге деген сүйіспеншілік – адамның тарихи тамырын сезінуіне, өткенін тануына, туған өлкесіне жауапкершілікпен қарауына ықпал ететін табиғи құндылықтар. Мәселен, жеті атаны білу дәстүрі жақын туыстар арасындағы некеден сақтандырып, ұрпақ сабақтастығының маңыз­ды тетігі болған. Алайда осы құндылықтар қоғамдық мүддеден жоғары қойылып, адамды руы мен жеріне қарап бағалауға ұласқан сәтте оның әлеуметтік салдары ауырлай түседі. Рушылдық, жершілдік пен ағайыншылдық – қазақ қоғамында бұрыннан бар ұғымдар. Ағайынның бір-біріне қолдау көрсетуі, туған жерін қадірлеуі – жақсы қасиет. Алайда бұл сезімдер елдің бірлігіне кедергі келтіріп, бір руды немесе бір жерді өзгелерден жоғары қоюға ұласса, оның пайдасынан зияны басым болады.

– Рушылдық пен жершілдік азаматтың білімі мен қабілетінен бұрын шыққан тегін өлшем етуге жол ашады. «Өзіміздің адам» деген түсінік орныққан жерде қызмет пен бедел еңбекке емес, жақындыққа қарай бағаланады. Ал «қай елден?» деген сұрақ «қандай адам?» деген сұрақтан үстем түскенде, азаматтық сана тарылып, ортақ елдік мұраттың орнына топтық мүдде шығады. Мұның соңы тамыр-таныстыққа, қоғамдық сенімнің әлсіреуіне, өңірлік жіктелуге ұрындыруы мүмкін. Түптеп келгенде, қазақты біріктіретін өлшем – оның қай рудан, қай өңірден шыққаны емес, елге қандай қызмет еткені, қоғамға қандай пайда әкелгені және ортақ мемлекеттің болашағына қаншалық жауапкершілікпен қарайтыны. Тамырын тану бөліну үшін емес, тұтас ағаштың бір бұтағы екенін сезіну үшін керек. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамына руы мен жерінен жоғары тұратын азаматтық сананы орнықтыру қажет, – дейді айтыскер ақын, сазгер Әбдіғани Бәзілханұлы.

Қазақтың «Бөлінгенді бөрі жейді» деген сөзі бекер айтылмаған. Руға, жерге, ағайынға бөліну адамдардың арасындағы татулықты әлсіретіп, қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін. Әр адам өз руын, туған жерін құрметтеуге құқылы, бірақ сол құрмет басқа рулар мен өңірлерді кемсітуге айналмауы керек. Себебі бәріміздің ортақ Отанымыз, ортақ тарихымыз бен ортақ болашағымыз бар.

Ағайыншылдықтың да мәні – тек өз жақыныңды қолдау емес, елге жанашыр болу. Бір-бірімізге көмек көрсетіп, қиындықта қолдау білдіргеніміз дұрыс. Бірақ әділдік пен адалдықты туыстықтан жоғары қою қажет. Лауазымға, жұмысқа немесе мүмкіндікке адамды қабілетіне емес, ағайындығына қарап таңдау қоғамның дамуына кері әсер етеді. Сондықтан рушылдық пен жершілдіктен арылып, ағайыншылдықты адамгершілік пен өзара сыйластық деңгейінде ұстанғанымыз жөн. Бізді біріктіретін нәрсе – руымыз немесе туған жеріміз ғана емес, ең алдымен, қазақ деген ортақ ұлт екеніміз. Қазақстан деген алып елдің азаматы екеніміз. Елдің күші – бірлікте, болашағы – татулықта. Руды құрметтейік, жерді қадірлейік, ағайынды ардақтайық, бірақ барлығынан биікке елдік мүддені қоя білейік!