Астана қаласындағы Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығында қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған «Kazakhstan Prevention Days – 2026» ауқымды жобалар көрмесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл – қауіпсіз әрі құқық бұзушылықсыз қоғам құрудың жаңа бейнесін айшықтайтын, цифрлық шешімдер мен озық тәжірибелер тоғысқан бірегей диалог алаңы болып саналады.
Көрменің негізгі бағыттары мен сипаттамасы былайша топталды.

Инновациялар мен цифрландыру бойынша, Демо-аймақта жасанды интеллект, робототехника және киберқауіпсіздік негізінде IT-шешімдер таныстырылды. Солардың арасында, «AiMap» – балалардың қауіпті цифрлық ортаға тартылуын ерте анықтау жүйесі. «E-Bagdar» – хабар-ошарсыз кеткен адамдарды (әсіресе балаларды) жедел іздеу туралы хабарландыру алаңы. «SafeRail Qazaqstan» – вокзалдардағы бейнеаналитика жүйесі. «JOLScan» – жол ақауларын анықтау платформасы. Алаяқтыққа қарсы жүйе – алаяқтық қоңырауларды абонентке жетпей бұғаттау шешімі. «CIMM.PRO» – алаяқтармен сөйлесу реакциясын дамытатын интерактивті симулятор сияқты бастамалар бар.
Көрмеге ІІМ, полиция департаменттері, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, ҮЕҰ және жастардың 60-қа жуық жобасы қойылды.

Халықаралық тәжірибелік іс-шараға Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген халықаралық серіктестер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Отбасы және балалар қауіпсіздігі: «Біз жақынбыз 2.0», «Қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғам», «AL-JAN», «SENIM TECHNOLOGIES» сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және «Цифрлық иммунитет» балалар жобалары таныстырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков сөз сөйледі.
– Бүгінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Біздің басты мақсат – қоғамдық тыныштықты сақтау. Жасанды интеллект, цифрлық мүмкіндіктер Ішкі істер саласына үлкен мүмкіндік береді. Адам капиталының дамығандығына мүдделіміз. Келешекте полиция технологиялық процестерге ғана иек артып қоймай, оның кәсіби шеберлігіне мән беріледі. Бұл жолғы қойылған әрбір технология қоғамға кәделі. Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, өзіміздің кәсіби жолымызды да дамытуды діттейміз. Қауіпсіздікті қоғам болып қамтамасыз ету маңызды, – деді Айдар Мұтәлікұлы.
Сондай-ақ, ІІМ Басқару академиясы Қоғамдық қауіпсіздік факультетінің бастығы, полковник Нұрбай Бектұрсынов ой бөлісті.
– Бұл іс-шара халық арасында Заң мен тәртіп қағидатын дәріптеуге арналған. Тәртіп – тәрбиеден басталады. Ал тәрбие бесіктен бастау алады. Біздің тарихта отанын жаудан, жаудан қорғаған батырлар көп болған. Бүгінде елім деп жүрген азаматтар жетерлік. Міне, осы сабақтастықты сақтау маңызды. Басты мақсат – қаһармандық, ерлік істер арқылы, рухани һәм адами құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіре отырып патриотизмді қалыптастыру, – деп түйді ол.