«Қауіпсіздік өзіңнен басталады»: Астанада құтқарушылар маңызы зор акция өткізді

«Қауіпсіздік өзіңнен басталады»: Астанада құтқарушылар маңызы зор акция өткізді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астананың Орталық саябағындағы Есіл өзенінің жағажайында Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері мамандары мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының белсенділері «Қауіпсіздік өзіңнен басталады» акциясын өткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарындағы сақтық шараларын түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар жағажайға тынығуға келген тұрғындармен тілдесіп, судағы қауіпсіздік шараларын ескертті.

«Биылғы шомылу маусымының басты ерекшелігі – тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуінде. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан күн сайын профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауға алынған. Осы орайда құтқарушылар мен «Астана жастары» волонтерлері тұрғындармен тікелей кездесіп, бірлескен ауқымды акция өткізіп отыр. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор, себебі қауіпсіздік тек құтқарушылардың емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінде», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Севиль Асадова.

ТЖД мамандарының сөзінше, жаз уақытында жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін балалардың бос уақытын қатаң қадағалау маңызды.

«Жазғы уақытта, каникул басталған кезде, балаларды жай үйде қалдырмай, оларды арнайы секцияларға берген дұрыс. Балалар достарымен бірге су жағасына ересектердің қарауынсыз кетіп қалуы мүмкін. Өз күшін дұрыс бағаламау, суға түсу немесе балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау қайғылы жағдайларға әкелуі ықтимал. Сондықтан балалардың су айдындарына үлкендердің бақылауынсыз баруына жол бермеу қажет», – деп ескертті Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері азаматтық қорғау капитаны Жанболат Мухан.

Мамандардың айтуынша, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың басты себептері мынадай:

• Суға түсу кезінде өз күшін дұрыс есептей алмауы;

• Жағажайларда алкоголь ішу;

• Балаларды су жағасында үлкендердің қарауынсыз қалдыру.

Жазғы уақытта балалардың суға кету қаупін болдырмау үшін, ТЖД мамандары ата-аналарға мынадай маңызды кеңестерді ұсынады:

• Балаларды су жағасында қараусыз мүлдем қалдырмау және қауіпті аймақтарға өздігінен жібермеу;

• Жазғы демалыс кезінде балаларды бос қалдырмай, арнайы үйірмелер мен спорттық секцияларға берген жөн;

• Балаларға судың астындағы қауіп пен қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру.

Астана қаласының ТЖД алдағы уақытта да осындай профилактикалық жұмыстарды қарқынды түрде жалғастырады. Тікелей рейдтерден бөлек, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық материалдар жарияланып, тұрғындарға маңызды ескертулер тұрақты түрде жеткізіліп отырады.