Қатенің қайнары  анықталмай, олқылық оңалмайды

Қатенің қайнары  анықталмай, олқылық оңалмайды

Оқулықтың сапасы мен ондағы ағаттықтар айтыла-айтыла әбден жауыр болған тақырып. Осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында оқулықтардың сапасына арнайы тоқталып: «Мен өзім бірнеше оқулықты оқып, олардың сапасыздығына таңғалдым» деп ашық айтқан болатын. Жақында ғана өткен Тамыз конференциясында бұл мәселеге тағы да тоқталған Президент «Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес» деп оқулықтың олқылығы әлі күнге дейін оңалмай келе жатқанын тағы бір мәрте еске салды.

Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, анықталған кемшіліктер қатарында техникалық және стильдік қателер, жаңсақ деректер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, оқу бағдарламасына үйлеспейтін материалдар, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалар бар. Бұдан бөлек, ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пікірлер де мамандарды алаңдатып отыр.

Ендеше, оқулықтағы қателіктерге кім жауапты? Оқулық авторлары ма, әлде баспа ма? оқулықты сараптайтын құзырлы органдар қайда қарап отыр? деген сұрақтар төңірегінде мамандар пікіріне жүгінсек, қателіктің кетуіне оқулық жазудың жүйесінің дұрыс еместігі де себеп болып отырған секілді. 

Бұл мәселені жиі көтеріп жүрген белгілі сарапшы, химик-педагог Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, мәселені жекелеген авторлардан емес, оқулық әзірлеу жүйесінен іздеу қажет. Оның пайымынша, оқулық бірнеше кезеңнен өтіп дайындалғанымен, бұл процестің әр сатысына жа­уапты мамандардың қызметі бір-бірімен толық сабақтас­пайды. Алдымен Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік стандартты бекітеді. Кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен министрліктің Орта білім комитеті үлгілік оқу жоспарын әзірлеп, соның негізінде білім беру бағдарламалары жасалады. Бағдарламаларды көбіне мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының ғалымдары қосымша жұмыс ретінде дайындайды. Дайын бағдарламаларды Білім академиясы мен Білім мазмұнын сараптау орталығы тексереді. Алайда, бұл сарапшылардың да негізгі қызметі оқулық пен бағдарламаны сараптау болмағандықтан, көп жағдайда жауапкершілік пен жұмыстың сапасын бір жүйеге келтіру өте қиын. Одан кейін, бекітілген бағдарламалар баспаларға ұсынылып, баспалар өз автор­лық ұжымдарын жасақтап, оқулық жазуға кіріседі. Сарапшылардың айтуынша, мұнда да мәселе бар: оқулық авторларының басым бөлігі негізгі қызметі ретінде сабақ беретіндіктен, кітап жазу көбіне негізгі жұмыс­тан тыс уақытта атқарылады.

Оқулықтағы білімді меңгеру деңгейін тексеретін Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарын әзірлеуге келгенде де жүйесіздік мәселесі байқалады. Яғни, білім беру бағдарламасын бір мамандар әзірлесе, оқулықты басқа авторлар жазады, ал оқушының білімін бағалайтын емтихан тапсырмаларын үшінші тарап дайындайды. Осылайша білім беру бағдарламасы, оқулық және бағалау жүйесі арасында біртұтас байланыс қалыптаспайды. Сондықтан оқулық сапасын арттыру үшін ең алдымен оны әзірлеудің қазіргі жүйесін қайта қарау қажет.

Мектеп оқулықтарының  сапасын көтеру үшін алдымен осы салада қалыптасқан халықаралық тәжірибеге де назар аударған жөн. Әрине, әлем елдерінде оқулық жасаудың әбден қалыптасқан үлгісі жоқ. Бір жерде оны мемлекет қатаң бақыласа, енді бір елде баспаларға көбірек еркіндік беріледі. Бірақ олардың бәрінде бір ортақ қағида бар: яғни олар оқулық жазуды бір-екі адамның қосымша жұмысы ретінде емес, арнайы кәсіби өнім ретінде қарастырады. Мәселен, Жапонияда оқулықтарды негізінен жеке баспалар әзірлейді. Алайда, баспа дайындаған кітап бірден мектепке жіберілмейді. Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология министрлігіне қарасты сарапшылар оқулықты зерттеп, бұдан кейін арнайы кеңес оның мазмұнын кәсіби және ғылыми тұрғыдан қарайды. Тек осы рәсімдерден өткен оқулық қана мектепте пайдалануға жіберіледі. Жапон тәжірибесінің тағы бір ерекшелігі – оқулық жазатын авторлық топтың құрамына ғалымдар мен мұғалімдер қатар тартылады. Яғни, пәнді ғылыми тұрғыдан білетін маман мен оны балаға қалай түсіндіру керектігін күнделікті тәжірибеден білетін педагог бір командада жұмыс істейді.

Ал Сингапурдың оқулық жазу тәжірибесіне келсек, 1970-1980 жылдары Сингапур өзіндегі коммерциялық баспалар шығарған оқулықтардың сапасы жеткіліксіз екенін байқап, біраз уақыт оқулық әзірлеуді мемлекеттің өз бақылауына алған. Соның нәтижесінде тәжірибелі мұғалімдер, пән мамандары мен авторлардан тұратын арнайы құрылым жасалып, кешенді оқу материалдары әзірленген. Демек, Жапонияда автор мен баспаға шығармашылық еркіндік берілгенімен, мемлекеттік сараптаманың қатаң сүзгісі бар. Сингапурда коммерция­лық баспа жұмыс істегенімен, министрлік оқу бағдарламасы мен оқулықтың мазмұнын өзара байланыстырып, дайын өнімді бірнеше кезең бойынша қатаң тексереді. Яғни, мемлекет оқулықты өзі жазбаған күннің өзінде, оның сапасына қатысты жауапкершілікті толықтай нарыққа ысырып қоймайды.

Жоғарыдағы айтылған тәжірибелерге сүйенсек, Қазақстанда да оқулық жазудың тұтас жүлгесін қайта қарау қажет сияқты. Мұнда ең алдымен оқулық жазуды «қосымша жұмыс» санатынан шығару керек. Оқулық авторы – жай ғана өз пәнін жақсы білетін маман емес, баланың жас ерекшелігін, педагогикалық психологияны, оқу әдістемесін және ғылыми жаңалықтарды қатар меңгерген кәсіби автор болуы тиіс. Екіншіден, авторлық топтың құрамы нақты талаппен жасалғаны жөн. Оның ішінде пән ғалымы, тәжірибелі мектеп мұғалімі, әдіскер, редактор, тіл маманы және цифрлық мазмұнға жауапты маман болғаны дұрыс. Бір адамның немесе бір-екі мұғалімнің мойнына тұтас оқулықты артып қою – сапаны қамтамасыз етудің тиімді жолы емес. Үшіншіден, оқулықты сараптау бір ғана формалды тексеріспен шектелмеуі керек. Ол кемінде бірнеше сүзгіден өтуі керек: ғылыми сараптама, педагогикалық-әдістемелік сараптама, тілдік редакция және мектептегі тәжірибелік сынақ сияқты басқыштары болғаны жөн. Төртіншіден, оқулық пен оқу бағдарламасы, ал кейін сол білімді тексеретін бағалау жүйесі бір-бірінен бөлек жасалмауы керек. Егер бағдарлама бір мамандардың, оқулық екінші авторлардың, ал емтихан сұраулары үшінші топтың жұмысы болса, олардың арасында мазмұндық алшақтық пайда болуы әбден мүмкін. Бесіншіден, оқулыққа жауапты тұлғалардың жауапкершілігі де нақты бекітілуі керек. Қате кеткен кезде «автор кінәлі ме, баспа ма, сарапшы ма?» деген сұрақ туындамауы үшін әр кезеңнің жауапкершілігі алдын ала анықталғаны жөн. Қателік анықталса, оны кім жібергені ғана емес, сол қатені бірнеше сүзгіден өткізіп, неге анықтай алмаған тексеруішлердің де жауапкершілігі қарастырылуы керек.

P.S: Оқулық – баланың дүниетанымын қалып тастыратын, ғылыми түсінігін орнықты ратын, оның болашақ мамандығына қызығушылығын оятатын негізгі құрал. Оқулықтағы әрбір дерек, анықтама мен тұжырымның дұрыстығы автордың ғана емес, оны әзірлеу мен сараптауға қатысқан бүкіл жүйенің жауапкершілігімен ұштасып жатыр. Президенттің бірнеше жылдан бері бұл мәселені қайта-қайта көтеріп келе жатқаны да сондықтан. Демек, мәселе жекелеген қателерде емес, сол қате лердің жылдар бойы қайталануына мүмкіндік беріп отырған оқулық жазу жүйесінде. Сондықтан ендігі міндет – кезекті оқулықтағы қатені түзету емес, қате жібермеуге мүмкіндік беретін кемелді жүйе жасау аса маңызды секілді.