Елде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған бірқатар шара қолға алынды. Экономиканы әртараптандыру, табыс көзін арттыру – қашанда маңызды меже. Үкімет жеңіл өнеркәсіпті дамытуға күш сала бастады. Кейінгі кездері Үкімет төрағасы да бұл саладағы түрлі кедергі мен қысымды алып тастап, өндіріске дем беріп, инвестиция тартып, саланы дамытудың жай-жапсарын пысықтап келеді. Жақында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте елдегі Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын қарады. Дәлірек айтқанда, салаға жауапты «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры мен отандық кәсіпорындар өкілдерімен жеңіл өнеркәсіптің жайы пысықталды. Бұл – қуантарлық жағдай.
Қазіргі таңда еліміздегі жеңіл өнеркәсіп нарығын Қытай, Қырғызстан, жалпы Орта Азиядан келген өнімдер толықтырып тұрғаны жасырын емес. Ашық деректерге зер салсақ, елдегі отандық жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30-40 пайыз шамасында. Бұл елдегі үлесі 3/2 импортқа тәуелді дегенді білдіреді. Ал бұған қажетті мақта-мата, бояу, жалпы шикізат көлемі жеткілікті екені айқын. Демек, қалайда жеңіл өнеркәсіпті дамытып, нарықта отандық өнім бәсін арттыру – парыз.

Астананың әлеуеті қандай?
Үкіметтің дерегінше, 2025 жылдың екінші жартысында Астана қаласының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 6793,6 млрд теңгеге жетіпті. Соның ішінде өнеркәсіп 590,6 млрд теңгені (8,6%) құрайды. 2026 жылы көрсеткіш одан да жоғарылайды деген сенім бар. Қаладағы жеңіл өнеркәсіпті негізінен үш бағыт құрайды. Киім өндірісі әскери, арнаулы мекемелер, мектеп оқушыларының киім үлгілерін тігуге бейімделген. Тоқыма өндірісіне төсек-орын тоқымасы, үй жабдықтары, дайын матадан әртүрлі өнім шығару қарқын алған. Былғары және аяқ киім бағыты бойынша әлі де дамыта түсетін тетіктер бар. Бұл бағыт негізінен шағын цехтар мен тапсырыспен жұмыс істейтін орталықтар деңгейінде дамуда. Қаржы сарапшысы Бексұлтан Ысқақов Астананы жеңіл өнеркәсіпке сұранып тұрған шаһар деп есептейді.
– Астана қаласының жеңіл өнеркәсібін дамыту – экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты. Бұл сала ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Сонымен қатар отандық өнім көлемі артып, импортқа тәуелділік азаяды. Әсіресе киім-кешек, тоқыма, тұрмыс тауарларының өндірісі дамыса, ішкі нарықтағы сұранысты жергілікті кәсіпорындар қамтамасыз ете алады. Жалпы жеңіл өнеркәсіп – қала экономикасының тұрақты өсуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды сектор, – деп санайды қаржыгер.
Өңдеу өнеркәсібінің берері мол
Еліміз өңдеу өнеркәсібіне ден қоя бастады. ӨҚМ дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында саладағы өндіріс көлемі 260 млрд теңгеге жеткен. Осы жылдың басынан бері өнеркәсіптегі өңдеуші сектордың өсуі 9,9%-ды құраған. Бұл ретте жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 есеге ұлғайған. Әйткенмен импортқа тәуелділік түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Meta University бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық та, өңдеу өнеркәсібінің берері мол, ең бастысы жүйелі жұмыстар қажет деп санайды.
– Қазақстан экономикасын көтереміз десек, ол үшін қосымша өндіріс ошақтары, зауыт, фабрикалар салынуы қажет. Өңдеуші өнеркәсіпке қарай бет бұрайық. Өзімізде мақта, астық дақылдары жеткілікті. Ең бастысы, текстиль өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу қолға алынса екен. Ең негізгісі, жаңа өндіріс ошақтары ашылып, тауар өндірісі дұрыс жолға қойылса ғана инфляция төмендейді. Жеңіл өнеркәсіп дамиды. Экономика әртараптанады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Егер нарықта отандық өнімнің бәсі артса, ел қазынасы толыға түсер еді, – деп санайды экономист.
Қазақтың бейіміне жақын
Қазақ халқы ықылым заманнан төрт түлікті кәсіп етіп, оны шаруашылықтың қолайлы көзі етіп алғаны белгілі. ХІХ ғасырда қазақ жеріне саяхаттаған Еуропа саяхатшылары әрі зерттеушілері Томсон, Радлов қазақтың тұрмыс-салтында төрт түліктің орны, киім тігу, қолөнер шеберлігі, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау сияқты деректер жазып қалдырған. Демек, бабаларымыз жеңіл өнеркәсіпті ерте кезеңнен игергені байқалады. Қазақтың құрақ көрпесін Гиннесстің рекордтар кітабына енгізуге үлес қосқан қолөнер шебері Жазира Сейітжанова да қолдау артса, сала өркендейтініне сенеді.
– Егер мемлекет тарапынан арнайы гранттар, бизнес-жобаларға қолөнер саласы да бөлінсе құба-құп болар еді. Бәлкім, субсидия қарастырылып, арнаулы техникалық база, құрал-жабдықтар қамтамасыз етілсе, қазақтың қолөнері дамиды. Сонда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай өнімдеріне тәуелді болмаймыз. Осылайша қазақтың ежелден қалыптасқан қолөнер саласын жаңартып, осы заманға лайықтап, түрлі бұйым жасауға жол ашылады, – деп түйеді қолөнер шебері.
Тоқетері, өзімізде жеңіл өнеркәсіп дамыса, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келетін өнімдерге тәуелді болмайтынымыз анық. Сонымен бірге қосымша жұмыс орындары ашылып, ел бюджеті еселенеді.