Оқушы нәпақасы: жасөспірім жазда жұмыс істеуге ынталы ма?

Оқушы нәпақасы: жасөспірім жазда жұмыс істеуге ынталы ма?

«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деп сан ғасырдан бері адал еңбекті адам өмірінің басты құндылығы санап келген халқымыз үшін еңбек – тек нәпақа табудың ғана емес, тұлғаны тәрбиелейтін, жауапкершілік пен табандылықты қалыптастыратын өмір мектебі. «Еңбек түбі – береке», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылдар да осының айқын дәлелі.

Бүгінде еңбекке баулу мәселесі отбасы мен мектеп тәрбиесінің маңызды бағытына айналып отыр. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде оқушылардың уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды заң аясында уақытша жұмыспен қамту – еңбекке деген құрметті қалыптастырудың, қаржылық сауаттылықты арттырудың және алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтаудың тиімді жолдарының бірі. Алғашқы тапқан еңбекақы жасөспірімге ақшаның қадірін ғана емес, маңдай термен келген табыстың бағасын ұғындырады.

Биылғы оқу жылының қорытындысына сәйкес елімізде 3,9 миллион оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 343 мыңы – 9-сынып, ал 215 мыңы – 11-сынып түлектері. Жазғы демалыс кезінде 3,2 миллионнан астам бала сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылып, рес­публика бойынша 11 мыңнан астамы демалыс орталығында жұмыс істеді.

Алайда жазғы демалысты тек тынығумен ғана емес, пайдалы еңбекпен өткізгісі келетін жасөспірімдердің қатары да көбейіп келеді. Дегенмен кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту белгілі бір талаптар мен шектеулерге бағынады. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, еңбек құқықтарының сақталуы және жұмыс уақытының заңмен реттелуі – басты назардағы мәселелер. Ендеше елімізде оқушыларды жұмыспен қамту қалай жүзеге асырылады? Жасөспірімдер қандай жұмыс­тарды атқара алады? Жұмыс берушілер мен ата-аналар нені ескеруі тиіс? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

«Менің жазғы демалысым» платформасы

Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Соның бірі – оқушылардың қауіпсіз әрі заңды түрде жұмыс табуына мүмкіндік беретін enbek.kz порталындағы «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі.

Бұл бөлім өткен жылдан бері жұмыс істейді. Платформа арқылы 14 жастан бастап оқушылар тіркеліп, жеке кабинет ашып, түйіндемесін орналастырып, өзіне қолайлы жұмыс іздей алады. Ал 16 жасқа толмаған балалардың жеке кабинетін заңды өкілдері тіркейді. Платформа еңбек шарттарының міндетті түрде жасалуын қамтамасыз етіп, қауіпсіз жұмыс іздеуге мүмкіндік береді. 2026 жылдың басынан бері «Менің жазғы демалысым» платформасы арқылы 1 024 оқушы жұмысқа орналасса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 552 адамды құрады. Жалпы өткен жылдан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 8,5 мыңнан астам оқушы қамтылған.

Қазақстанда 5,3 мың оқушы жұмыспен қамтылған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, елімізде еңбек қызметіне рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалардың саны 1,7 миллион адамды құрайды. Қазіргі таңда олардың 5,3 мыңы жұмыспен қамтылған.

– Олардың басым бөлігі сау­да, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында еңбек етеді. Бұл – жасөспірімдердің алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайтын негізгі бағыттар. Мамандықтарға келсек, олар көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-кеңесші, аспаз көмекшісі, аниматор және басқа да қызметтерді атқарады, – деген болатын Үкімет отырыс­ында министр Асқарбек Ертаев.

Еңбек тәрбиесі – елдік тәрбиенің бір бөлігі

Бұл мәселеге Үкімет те ерекше назар аударып отыр. Премьер­-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында балалардың еңбек және экологиялық тәрбиесін күшейту қажеттігін айтқан.

– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шеңберінде жазғы жұмыспен қамту бағдарламаларына экологиялық акцияларды, волонтерлік жобаларды, аумақтарды абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау шараларын енгізу қажет. Балалар ерте жастан өз ауласындағы, мектебіндегі, ауылындағы, қаласындағы тазалық пен тәртіп үшін жауапкершілікті сезінуі керек. Президент атап өткендей, заңды құрметтеу, табиғатты аялау және жасампаз патриотизм қағидаттары өскелең ұрпақтың санасында орнығуға тиіс, – деген Олжас Бектенов.

Астанада қанша жас жұмысқа орналастырылды?

Елордада да оқушылар мен студенттерді жазғы уақытта жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен студенттері үшін қоғамдық жұмыстар шілде айынан бастап ұйымдастырылып келеді.

Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омардың айтуынша, 2026 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша елордада 198 жас жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 127-сі – студент, 71-і – жоғары сынып оқушысы. Барлық еңбек қатынастары еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттары арқылы рәсімделген.

Қандай бағдарламалар арқылы жүзеге асады?

Жыл басынан бері Халықтың еңбек мобильділігі орталығы арқылы 937 жас субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Оның ішінде 209 адам – «Жастар практикасына», 113 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 615 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жобасы аясында Халықтың еңбек мобильділігі орталығы арқылы 1 545 студент пен оқушы жұмыспен қамтылды. Жоба жастар саясаты саласындағы уәкілетті органдар арқылы жүзеге асырылады. Қатысушылар ағаш отырғызу, аумақтарды тазалау, саябақтар мен орман алқаптарын күтіп-баптау жұмыстарына қатысады.

Жалақы мөлшері қандай?

Орталық басшысы Олжас Омардың айтуынша, қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың еңбекақысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес төленеді.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 мау­сымдағы №476 қаулысына сәйкес қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың жалақысы кемінде 24 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген. Субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың еңбекақысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді, – дейді ол.

Қандай жағдай жасалған?

Жастардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жұмысқа қабылданған барлық оқушылармен және студенттермен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарттары жасалады.

Сонымен қатар мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасқан жастардың еңбек жағдайын бақылау мақсатында жұмыс беруші ұйымдарға тұрақты түрде көшпелі мониторинг ұйымдастырылады.

Колледж түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін Халықтың еңбек мобильділігі орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіп, мемлекеттік қолдау шаралары мен жастарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін білім беру ұйымдарында кездесулер ұйымдастырады.

Ата-аналар риза

Жастарды еңбекке баулу бастамаларына ата-аналар да оң бағасын беріп отыр. Көпбалалы ана Фатима Жұмақынның айтуынша, жазғы демалыс кезінде еңбекке араласу балалардың өмірлік тәжірибе жинақтауына зор мүмкіндік береді.

– Күнделікті баламмен хабарласып, жағдайын сұрап тұрамын. Жұмыстары жүйелі ұйымдастырылған, өздерінің жас ерекшелігіне сай жеңіл еңбекпен айналысады. Сондықтан алаңдамаймыз. Біз сияқты бес-алты бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін мұндай бағдарламалардың маңызы зор. Баланың бос жүргенінен гөрі еңбек етіп, уақытын пайдалы өткізгені өзіне де, ата-анасына да тиімді.

Ең бастысы, бала қала тіршілігін танып, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Еңбектің қадірін түсінеді, жұмыстың қыр-сырын меңгереді. Алғашқы табысын тауып, өзіне қажетті киім-кешегін немесе басқа да керек-жарағын сатып алады. Сондықтан жастарды еңбекке баулуға, оларды уақытша жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды толық қолдаймыз. Бұл – балалардың болашағына салынған инвестиция әрі көпбалалы отбасыларға көрсетілген нақты қолдау, – дейді Фатима Жұмақын.