«Қан мен тер» жаңаша жаңғырды

«Қан мен тер» жаңаша жаңғырды

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасы желісімен «Қан мен тер» драмасының премьерасын ұсынды.

Аталмыш спектакль КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің рухына тағзым ретінде сахналанды. Көрнекті режиссер осыдан 20 жылдай бұрын, дәлірек айтқанда, 2007 жылы дәл осы қойылымды аталмыш өнер ошағында қойған еді. Ал бұдан ертеректе, 1978 жылы Юрий Мастюгинмен бірге екі бөлімді көркем фильм түсірді. Қаллеки театры драманы жаңаша тұрғыдан қайта жаңғыртты.

Мәмбетовтің қолтаңбасында спектакль кейіпкерлерінің бірі, Сүйеу қарт бейнесін Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдады. Бұл жолы ол сахналық нұсқасын жасап, режиссер болды. Ал қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын роман-трилогияда қазақ халқының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі суреттеледі. Автор жекелеген кейіпкерлердің тағдыры арқылы ел өміріндегі өзгерістерді, әлеуметтік қайшылықтарды, адамгершілік пен ар мәселелерін терең ашады. Шығармадағы Еламан, Ақбала, Тәңірберген секілді кейіпкерлердің өмір жолы уақыт сынындағы адамның рухани болмысын көрсетеді.

«Қан мен тер» – өткен дәуірдің ғана емес, бүгінгі қоғамның да өзекті мәселелерімен үндесетін шығарма. Әділдік іздеу, адамдық ұстаным, билік пен жауапкершілік, махаббат пен сатқындық секілді мәңгілік тақырыптар қойылымның негізгі өзегіне айналған. Шығарма жаңа шығармашылық көзқараспен қайта жаңғырып, жаңа буын көрерменімен қауышқалы отыр.

«Қан мен тер» – өткенді еске түсіру үшін емес, бүгінгі күнді тереңірек түсіну үшін қажет шығарма. Ұлт тарихындағы күрделі кезеңдерді, адам тағдырының қатпарлы болмысын және мәңгілік құндылықтарды арқау еткен бұл қойылым көрер­менді ойлануға, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты жаңаша пайымдауға шақырады. Бұл премьера көрерменді халқымыздың тарихи жадына үңілуге, адам тағдыры мен заман шындығы туралы терең ойлануға шақырады. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің бірі саналатын шығарманың жаңа сахналық шешімі театрсүйер қауым үшін маусымның маңызды мәдени оқиғаларының біріне айналды.

– Осыдан 20 жылдай бұрын ескі ғимараттағы осы шығарма бойынша қойылымды көріп, көңілге қонымсыз тұстарын кезінде жазған да едім.

Бүгін әйгілі шығарманы мүлде басқаша қырынан көріп, бір қуанып қалдым.

Империялардың тоғысында саяси қарама-қайшылықтармен бетпе-бет келген қазақ даласындағы дүрбелең балық аулап күн көріп отырған азғантай Арал жұртына қалай әсер етті... Адам тағдыры... Отарлау науқанының ұлт болмысына әсері... Адамдардың пиғыл-ниеті... Классикалық туынды «Қан мен тердің» өн бойында қалай берілсе, бүгінгі сахналық қойылым да сол бір қасірет пен мұңды көрерменге жеткізе алды.

Бұрынғы сахналауда Еламан мен Ақбаланың арасындағы лирикалық диалогтар, Тәңірбергеннің бәйбіше-тоқалы арасындағы текетірестер көбірек болғаны жасырын емес. Бұл жолы мүлде бөлек. Негізгі бағыт – ұлт тағдыры. Халық қасіреті... Бұл – шын мәніндегі тәуелсіздіктің жемісі болса керек. Мұндай сахналық шешім мен драмалық қойылым тәуелсіздік рухын сезінген кезде ғана жарыққа шықса керек. Ұжымның кәсіби һәм рухани деңгейі артқанда ғана туса керек. «Бәрекелді!» дейміз... Қалибек Қуанышбаев театрының Ұлттық мәртебе алғаны баршамызға аян. Бүгінгі қойылымды Ұлттық деңгейдегі қойылым дер едім, – деді спектакльді тамашалаған белгілі ақын, әнші, композитор, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена ­Әбдіхалықова.

Жалпы «Қан мен тер» театр­дың осы маусымының елеулі жаңалықтарының біріне айналып отыр. Қаллекидің бұл маусымы 12 шілдеде аталмыш туындымен жабылады.