Қазақ прозасының хас шебері, көрнекті қазақ жазушысы, Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбековтің шығармаларын бала кезімде сүйіп оқығанмын. Қазір де қайталап оқудан жалықпай келемін. Кез келген туындысы өзіне бірден баурап, ішкі жан дүниеңді тебірентіп, қайта-қайта оқуға ынтызар қылады. Оқып отырып, шығармадағы (әңгіме, хикаят) әр кейіпкермен бірге қуанып-жұбанып, мұңайып-жабырқап қаласың. Жазушының шеберлігі сол, әңгімесін оқып бастағаннан-ақ көңіліңнің бір түкпірінен кейіпкерге деген жып-жылы сезімнің оты жылт етіп жанып, лапылдай жөнеледі.
Тоғышар
Қазір урбанизация деген сөзді көп айтып жүрміз. Қалалық қазақтың психологиясын, өмір сүру салтын дәріптейік деген бағдар бар. Цифрлық урбанизация қазақтың ой-санасын жаулап алды. Жаһанданған заманда ұлттық санамыз да цифрланып жатыр. Классикалық урбанизация қазақ әдебиетінде ғажайып сомдалды. Цифрлық урбанизацияны түсіну үшін, әлбетте, классикалық урбанизацияны айналып өте алмаймыз. Бұл тақырыпқа қалам тербемеген жазушы кемде-кем. Десек те солардың арасынан сүйікті жазушым Сайын Мұратбековтің шығармаларының шоқтығы биік. Бір ғана «Ата» атты әңгімесін алайық. Адам баласының бойындағы ең үлкен бақытсыздық өзімшілдік екенін қарапайым тілмен суреттейді. Тоғышарлықты нысанасына алып, аяусыз кескілейді. Бас кейіпкер Бекеңді осы рухани кеселге қарсы тұратын күш етіп бейнелейді. «Алғашқы амандықтан кейін Бекең де, Баған да үнсіз болатын. Ауыл-аймақтың, ағайын-туғанның амандығын сұрар деп Бекең жауап беруге оңтайланғанымен, баласының әлпеті олай болмады. Баған тас боп қатқандай алға қарап, мелшиген қалпынан қозғалар емес». Осы жердегі Бекеңнің іс-әрекеті – надандыққа жасаған соққысы. Ол, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық кодымыздың «носителі». Бірақ ол урбанизацияның алдында дәрменсіз.

Әңгімедегі Баған мен Сәния да урбанизацияның жемісі. Баған – трагедиялық кейіпкер. Өзі оқып-тоқыған, интеллигент адам болса да, ұлттық санасы таяз, салт-дәстүрден безінген бейбақ. Ол ешкімге зияны жоқ адамдай көрінгенімен, өз әкесіне, туған-туыстарына, ұлтына немқұрайдылығымен, қазақы қалыпқа самарқаулығымен жиіркенішті. Көп жыл көрмеген әкесімен сөйлесуге зауқының жоқтығы, ол аздай-ақ, үйленген кезде жетіммін деп жұртты алдағаны Бекеңнің ғана емес, оқырманның да жанына қатты батады. Қазір қалада Баған тәрізді түп тамырынан, өсіп-өнген топырағынан біржола жеріген жандар көп. Жазушы шығармадағы бір ғана сөйлеммен оның бет-бейнесін ашып береді. «Өйткені әдемі киінген салдырлы жігіт Бекеңнің сұрағанына құштар да емес сияқты».
Сәния – қалалық қазақ әйелінің жиынтық бейнесі. Бағанға қарағанда сәл жағымдылау көрінгенімен, қазақылықтан жұрдай. Автор оның тоғышарлық тұрпатын: «Бекең сәбиді өзіне тартып құшырлана сүйген, осы кезде ішкі бөлмеден халатын киіп шыққан келіні ұмтылып келіп, Қанатты көтеріп алды. Үлкен көздері тікенекше қадалып, Бекеңнің өңменінен өтті.
– Олай сүюге болмайды, ата, – деді қатал ескертіп.
– Сіз насыбай атасыз, баланың бетіне жара түсіресіз ғой.
Бекең сөз айта алмады.
Баған бірдеңе деп міңгірлей бастап еді:
– Сен қыстырылма, – деп Сәния оны да басып тастады» деген эпизодта әшкерелеп береді.

Қалалық қазақ әйелінің бойында кездесетін ұсақтық, дөрекілік, менмендік Сәнияның әрбір қылығынан байқатпайын десе де көрініп қала береді. Мына екі сөйлеммен автор ерлі-зайыптының шын келбетін ашып кестелейді: «Әлден соң, бағанадан ауыз бөлмеде күңкілдескен баласы мен келіні кірді. Екеуінің келіспей қалғандары томсырайған қабақтарынан белгілі еді». Ол Бекеңмен бір диалогта: «Қарт адамды бағып-қағу...» деп сөзінің соңын жұтып қояды. Яғни ауылдан келген қайын атасын бағып-қаққысы келмейтінін астарлап жеткізіп отыр. Бекеңді үйіне шығарып салуға шыққандағы қатты қуанғаны тоғышарлықтан айығуы қиынның қиыны екенін меңзейді.
Шығармада кейіпкерлер көп емес. Жабық қалпында болса да, бір ғана жерінде Бекеңмен диалогқа түсетін Сәнияның әке-шешесінің ой-өрісінің тарлығы жиіркеніш сезімін туғызады. Үлкен ғалым бола тұра ақсақалмен дұрыс сөйлесе алмауы, қарапайым әдептілік пен мәдениеттен жұрдайлығы менмендігін жасырмай тұр. Біздің қазақта жоғары қызмет атқаратын адамға жалпақтау, көлгірсу, жағымпаздану деген жазылмайтын дерт бар. Адамдардың бір-бірін қорлауына себепкер болатын да осы дерт. Телефон тұтқасын көтерген Бекеңе ыңырана, тұтыға сөйлеген екеу – өркениетті қаладағы мешел санадан шыға алмай қалған қазақтың шын бейнесі. Ізгіліктің түбіне жететін де осы өзімшілдік. Қожа Ахмет Яссауише айтсақ, «менменнің барар жері – тамұқ».

Лирикалық психологизмді шебер суреттейтін жазушының әңгімесіндегі тағы бір көңіл аударатын кейіпкер – Қанат. Періштедей пәк сәбидің санасы рухани мешелдікпен лайланбаған. Оған адам баласының бәрі дос, жақын. Рухани құндылықтардан мақұрым, жаңашылдыққа енжар қарайтын, өз қамымен ғана жүретін жандардың ішінен Қанатты ізгіліктің құтқарушысы етіп көрсетеді. Сол сәби өмірінде көрмеген атасын жатырқамайды, жатсынбайды. Керісінше, атасының тақиясын киіп, кішкентай саусақтарымен сақалына жармасып, өзінше ойнайды. Атасы есімін сұрағанда еркелеп келіп, бетіне бетін тигізуі жүрегіңді шым-шым еткізіп, жан дүниеңе жып-жылы сәуле құйып жібереді.
Әңгіменің шарықтау шегінде пойыздың жүруін күтіп тұрғандағы оқиға тіптен әсерлі. «Қанат әкесінің қолында тұрған қалпында, еңкейіп кеп Бекеңнің бетіне бетін тигізіп мәз болады». Тоғышарлықтан таяқ жеген Бекеңнің жанына жылу сыйлаған бір ғана нәрсе – осы. Бір ғана сөйлем арқылы жазушы пәлсапалық ойын жеткізеді. Баланың жан дүниесі таңғы шықтай тап-таза. Бірақ ол – урбанизацияның уысында қалған қалалық ұрпақ. Санасы мен дүниетанымы ұлттық құндылықпен суғарыла ма? Әлде ұлттық негізінен ажыраған, космополит ұрпақ болып қала ма? Оқырманды осыған ойлануға шақырады. Жазушы жер бетіндегі екі аяқты, жұмыр басты пенденің зор кемістігі – қара басының қамын күйттейтін тоғышарлықтан сақтануға үндейді. Қала қазағының ұлттық дәстүр-салтымызды берік ұстанғанда ғана өркені өсер ел болатынымызды меңзейді. Қала қазағы мен ауыл қазағының психологиясы, дүниетанымы, арман-мұраты бір-бірімен неге қабыспайтынын әңгімедегі кейіпкерлердің жан дүниесінен анық көреміз.

Сайын Мұратбеков надандық, ұсақтық, өзімшілдік тәрізді адамның бойындағы кеселдерге «Қызғаныш», «Қысқы кеш», «Таңғы шық», «Ананың арманы», «Жанболат», «Табылмаған мекен», «Махаббат», «Үскірік» атты әңгімелерінде кейіпкерлерінің іс-қимылымен аяусыз соққы береді. «Қызғаныштағы» ерлі-зайыпты – Дауылбай мен Мағияның тұла бойындағы қаскөйлік, жек көрушілік, күншілдік, сатқындық оқырманды ә дегеннен-ақ қатты қапаландырады. Мына бір көріністе Мағияның залымдығы ашық жазылады: «Бағиланың кеңсеге бара жатқанын Мағия есігінің алдында тұрып көрді. «Қайқаңдап жүруін зәндемінің» деді өртенердей болып. Дереу істеп жүрген шаруасын тастай салып, үстіне пальтосын ілген қалпында, сүріне-қабына үйден бұл да шықты. Дәл осы кезде екі бұзауын ертіп, бас жібін сүйреткен қалпы, есігінің алдына кеп, кесе-көлденең тұра қалған қоңыр сиыр көзіне тікенектей қадалды». Суайт әрі озбыр председатель Дауылбайдың өте-мөте шебер көлгірситін бейнесін тамаша суреттейді. Залымдық пен тоғышарлық адам баласына тек опық жегізетінін астарлап айтады.
«Үскіріктегі» Қайрақтың өмірі кісі қызығарлықтай емес, өйткені ол кеміс болғандықтан сүйкімсіз жан. Автор Дәнеш пен Қайрақтың арасындағы күншілдікті табиғаттың құбылысымен салыстырмалы түрде өте сәтті кестелеген. «Әлгінде ет қызулықпен сезбепті, үскіріктің ащы зәрі күшейіп, кешкілікке қарай сары шұнақ аяздың құтырына түскен түрі бар». Осы жерде адамның іштарлығы мен табиғаттың долылығын тамаша түйістіріп, оқырманды бір мұңайтып, бір ойландырып отырады. Күншілдіктен қатты азап шеккен Қайрақтың жан дүниесінің жұтаңдығын, нағыз бақытсыз адам екенін біліп, тоғышарлықтан түңіліп, ойдың теңізіне батып кетесің. «Таңғы шықтағы» Тұраш та, «Ананың арманындағы» бала Жеңіс те, «Жанболаттағы» Жанболат та, «Табылмаған мекендегі» Уәзипа да, «Махаббаттағы» Әсия да адам бойындағы осынау жиіркенішті құмарлықтардан қиянат көреді.
(жалғасы бар)