Әбдіғани Бәзілханұлы
АҚОРДА – ҚАЗАҚТЫҢ АЙБЫНЫ
Төбесі көктеңбіл аспанда,
Бұлттардың желбіреп желегі.
Астана маужырап жатқанда,
Алтын ай аймалап өбеді.
Айдында дірілдеп сағымы,
Айлардың айғызды-жамалы.
Астана бақтары – лағылым,
Арқаның ақ маңдай самалы.
Найқалған ну орман жайқалған,
Қайыңдар билейді бұралып.
Сүліктей су жорға тайпалған.
Ағады аймаңдай пырағы.
Ертеңге бүгіннен самғарым,
Оғландар отанын сүйетін.
Ән салып оянар таңдарым,
Әдемі үміттер, ниетім.
Шер басқан бабалар – тарланым,
Тұлпарын тер басқан аяным.
Бабалар аңсаған арманым,
Тәуелсіз елдегі баяным!
Төсінде тірлігі дөңгелеп,
Уақыт керуені заулаған.
Өмірім өзгеше өңгеден,
Өңірім – Жер шары аумаған.
Мызғымас кентім, тірегім,
Елімнің сарқылмас байлығы.
Әлемнің ең асқақ айсбергі –
Ақ орда қазақтың айбыны!
Заманы ғажайып даланың,
Жасқанба, жәннәтім сүйікті.
Астанам – бас қалам қамалым,
Байрағың мәңгілік биікте!
Әділбек ҚАБА
ҰЛЫ ДАЛА БАРЫСЫ
Тарихты оқы, обалардан, тастардан,
Ұлы елсің, қас дұшпаны жасқанған!
Біле білсең адамзаттың дамуы,
Ұлы далам, кіндігіңнен басталған!
Жүрген кезде табандарын тас тіліп,
Атты үйретті, түз тарпаңы бас біліп.
Қола, темір, мыс пен алтын қорытып,
Алтын адам киіміне оқа бастырып.
Көп дұшпанның ашылған-ды араны,
Жауламақ боп иен жатқан даланы.
Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы болып қорғаған,
Қанға батып балағы.
Ашина боп Көк бөріні еміп ек,
Ер төресі Құтлық пен Тоныкөк,
Күлтегін де, Білге, Мөде, Аттила,
Шыңғыс қаған, Бабыр да біз болып ек.
Ер Түрік боп атқа қондық ел үшін,
Өр Алтайдан Еуропаға дейін өрісің.
Түркеш, Қарлұқ, Оғыз
болып жан қиған,
Ата қоныс жері үшін.
Қимақ деген қағанат та құрғанбыз,
Қарақытай, Қараханың – бұл да біз!
Қыпшақ болып бар әлемді сілкінтіп,
Білім-ғылым көзі болып тұрғанбыз!
Моғол менен Мәуренахр, Орда біз,
Еуропа мен Римге де барғанбыз!
Біз тарихта басқыншы емес,
«Римді құтқарушы!» деген
атпен қалғанбыз.
Өркениет бастауында тұрғанбыз,
Ибн Сина, Фарабиді туған біз.
Ашинадан келе жатқан жолменен,
Қазақ деген мемлекет құрғанбыз!
Бұл қазақтың несі қалды көрмеген,
Күндер өтті азаттыққа шөлдеген,
Таланса да, жоғалтпады рухын,
Жолбарыстай өзін-өзі емдеген!
Көрсеткенбіз мына әлемге сан үлгі,
Биік қойдың жерің менен арыңды,
Тәуелсіз ел – Ұлы дала барысы,
Қазақстан азат ел боп танылды!
Дос боп келсең,
айдын шалқар көлдейміз,
Күн сөнгенше біз де мәңгі сөнбейміз!
Қажет болса, жанымды алсын,
бірақ та Тәуелсіздік!
Сені ешкімге бермейміз!
Жұлдызай Ысқақ
ЖЕЛБІРЕ, КӨК БАЙРАҚ!
Мен азаттықты жырласам,
Ауызымнан от бүркіп,
Көздеріммен көк түртіп,
Айбаттанып кетемін.
Қазақтықты жырласам,
Тарихты айтып, текті айтып,
Батырды айтып, бекті айтып,
Айға аттанып кетемін.
Кешкенімді жыр етсем,
Сан заманғы зарды айтып,
Қанға оранған арды айтып,
Желтоқсан боп кетемін.
Шөккенімді жыр етсем,
Аралды айтып, сел болып,
Семейді айтып, сенделіп,
Жел соққан боп кетемін.
Батырымды жырласам,
Көк бөрі боп, айға ұлып,
Жорға мініп, найза іліп,
Құрлық кезіп кетемін.
Ақынымды жырласам,
Белді жырмен қатайтып,
Патшаға да дат айтып,
Шындыққа еріп кетемін.
Бүгінімді жырласам,
Бағымды айтып, барды айтып,
Азат атқан таңды айтып,
Арман құшып кетемін.
Тұғырымды жырласам,
Елтаңбамды төрге іліп,
Көк туымды желге іліп,
Аспанға ұшып кетемін.
Астанамды жырласам,
Бәйтерек боп биіктеп,
Сәулетімді жиып кеп,
Сұлуланып кетемін.
Әнұранды жырласам,
Ән құшағын рух кернеп,
Жер мен көкті көкпеңбек,
Шұғыла ғып кетемін.
Көк байрақты жыр етсем,
Нұр төгіліп көздерден,
Қыран ұшып кеудемнен,
Көкке самғап кетемін.
Елтаңбамды жыр етсем,
Шаңырақ астын жайланып,
Қанаттыға айналып,
Көпті шарлап кетемін.
Қолдағымды жырласам,
Тәуелсіздік таңы үшін,
Жаратқанға бәрі үшін
Тәубемді айтып өтемін.
Арманымды жырласам,
Азат күннің астында
Қазақпын деп хас тұлға,
Әлемге айтып өтемін.
Кеңдігімді жырласам,
Көкте күннен от алып,
Алпауыт ел атанып,
Еңсем тұрар көк бойлап.
Елдігімді жырласам,
Елдігімді жырласам,
Жүрек соқпай әнімсіз,
Жанарымда дамылсыз,
Желбірейді көк байрақ!
Индира Кереева
ҚАЗАҚ ДЕГЕН ЕЛ ЕДІК
Әлмисақтан адал болған азығы,
Маңдайында жазуы бар төрелік.
Қанында бар қайсарлығы, қажыры,
«Қазақ» деген ел едік.
Аман болшы атажұртым, алтын кен,
Аспаныма шықса ай, күн.
Қарашығым, қарапайым
қалпыммен,
Саған ғана ұқсаймын!
Елім менің, мейірбаным, мерейім,
Пейілің кең дала ма?
Тыңдашы енді, өлең оқып берейін,
Бесіктегі балаңа.
Саған деген көңіл бейне көл тұнық,
Талбесігім, тәу етем!
«Қазақпын!» деу аузыңды толтырып,
Басыбайлы бақ екен!
Нағашыбай Қабылбек
ОТАНЫМ!
Осы жер мекенім, жатағым,
Бұйырған дәм-тұзын татамын!
Қиналып, қалжырап жүрсем де,
Мен сені сүйемін, Отаным!
Мен сенен күш алдым, от алдым,
Білесің жауыма қаталмын!
Ұрпағым жыламау үшін де,
Мен сені сақтаймын, Отаным!
Біреудің болғанша отары,
Ұл болып өлейін баталы!
Қорғаймын елімді, жерімді,
Тек сен тұр артымда, Отаным!
Естіртпен дұшпанның жат әнін,
Жолына бөгет боп жатамын!
Көнемін азапқа, тозаққа,
Сен үшін, аяулы Отаным!
Сеземін арсыздар сатады,
Сол менің жаныма батады!
Тойынып көзге ілмей жатса да...
Сен маған қымбатсың, Отаным!
Қимылын бағамын бұтаның,
Сырына қанықпын жотаның!
Ешқайда сыймайды бұл басым,
Сенімен биікпін, Отаным!
Асқақтап тұрсын деп атағың,
Шоқтай боп қызарып жатамын!
Пендемін, мұңға да батамын!
Басымнан сипашы, Отаным!
Назгүл Бердіқожа
АЗАТТЫҚ ЖЫРЫ
Азатпын деп күбірлейді тордағы үн,
Тордағы үннің сезінемін салмағын.
91-де тәуелсіз ел азат боп,
Сетінеді басымдағы сор қалың.
Біз бақ таптық – таңдай ояр тәтті бақ,
Тәңірім бар тілегіме саққұлақ.
Маңдайына маң даланы сыйғызған,
Алаш жұрты аз қиналған жоқ бірақ.
Қастық көріп достық көрер жандардан,
Айырылып Исатайдай сардардан.
Жігерін құм, жүрегін мұң тырналап,
Махамбеттер жылап өткен жалғаннан.
Жаратқанның екі болмай жарлығы,
Жанын қинап кең дүниенің тарлығы.
Хан Кененің басын кесіп алғанда,
Бассыз елді басынды ғой барлығы.
Табытыңдай ауыр ма еді атырап,
Жат жерлерде жанарлардың
жасын ап.
Ұлы Тұран тұтастығын тойлауда,
Мұстафаға бұйырмады топырақ.
Тәпей Қайысханұлы
БЕУ, САРЫАРҚА
Беу, Сарыарқа!
Сары домбырам сарнаған,
Саз-күйіңді санама құй салмаған.
Құдіретті Құрманғазы саусағы,
Сені қалай сыйдыра алған, сардалам!
Беу, Сарыарқа!
Түскен күннен сәуленің,
Жырға бірін түсіре алмай әуремін.
Несіпбектей айта алам ба айнытпай,
Ақселеудей әуелетіп әуенін.
Беу, Сарыарқа!
Мен де жортқан бөрі едім,
Бөрі едім де нар төсіңде өр едім.
Ғасыр аттап қайта оралған мекенге,
Басқашалау менің әнім, өлеңім.
Беу, Сарыарқа!
Бебеулесең бебеуле,
Бебеуле де берекеңді бер елге.
Керсамалға керіп ашқан кең сарай,
Керемет жыр құйылады кеудеме.
Беу, Сарыарқа!
Хикмет бар не түрлі,
Нөсерлеп кеп жуып-шаяр бетіңді.
Бурабайдан бура бұлттар жөңкілер,
Абылайдың қалың қолы секілді.
Беу, Сарыарқа!
Сенен көшім басталған,
Сағыныштан «елім-айлап» жас тамған.
Қабанбайдың қылышындай жарқ етіп,
Көрінеді нажағайлар аспаннан.
Беу, Сарыарқа!
Дүбірлеткен тұлпарлардың тұяғы,
Құлағымда жаңғырығып тұрады.
Кенесары ханның өткен кешегі,
Гуілдейді боранмен бір туы әлі.
Беу, Сарыарқа!
Көкте айналып аш қыран,
Құлағымда зарлы күй мен ащы ән,
Жер көксеген жылқылар кеп жусанын,
Теуіп жеп тұр сүрі қардың астынан.
Беу, Сарыарқа!
Қысың ұзақ болғанмен,
Ырыс-байлық құшағыңа толған кең.
Тағдырыңды өлшеу қиын, шамасы,
Өрлі-қырлы қайшыласқан жолдармен.
Беу, Сарыарқа!
Өше қоймас кек табы,
Көкіректе сайрап жатыр тек бәрі.
Тоз-тоз болып кеткен дала торғайың,
Бір бұтаңа қонып отыр кеп тағы.
Беу, Сарыарқа!
Бабалардың көзі едің,
Даналардың үзілмеген сөзі едің.
Домбырамның екі ішегі сияқты,
Есіл-Нұра егіз екі өзенім.
Беу, Сарыарқа!
Бар қазақты біріктір,
Күн шуағын жатқан шақта
құйып бір,
Бәйтерекке шығып алып биік дүр,
Қолым созсам көк аспанға тиіп тұр.
Беу, Сарыарқа!
Жеткенім жоқ ұш аттар,
Сүйші мені, құсшы мені құшаққа ап.
Сағынышым қанатына байланған,
Айнала ұшып жүр көңілдің
құсы аппақ.