Астанада Республика күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары өтіп жатыр. Оларға 10 сауда-ойын-сауық орталығы мен түрлі сауда желілеріне қарасты 48 дүкен қатысып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акциялар 27 қазанға дейін жалғасады. Осы кезеңде қала тұрғындары мен қонақтары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды арзан бағада сатып ала алады.
«Republic Day» акциясына MEGA Silk Way, «Хан Шатыр», Asia Park, Green Mall және басқа да ірі сауда орталықтары қосылды.
Ал «Bereke Fest» аясында SMALL, SPAR, «Фермаг», «Астықжан», Greenwich, Magnum, «ВКУСМАРТ» және «Анвар» сауда желілерінің дүкендерінде арнайы ұсыныстар қолданылады.
Қала тұрғындары акциядан алған әсерімен бөлісті.
«Мереке қарсаңында әдетте сауда көбейеді: дастарқанға азық-түлік, жақындарға сыйлық, үйге қажетті заттар аламыз. Сондықтан мұндай жеңілдіктер өте қолайлы. Бірнеше дүкенді аралап, бағаларын салыстырдық. Соның арқасында жақсы ұсыныстарды таңдай алдық», – деді елорда тұрғыны.
Акцияларды Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды. Олардың мақсаты – тұрғындар үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыру, отандық өндірушілерді қолдау және ішкі сауданы дамыту.