Әуежайдағы мерекелік акция

Әуежайдағы мерекелік акция
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана халықаралық әуежайында Республика күніне арналған мерекелік акция өтіп жатыр. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері елордаға келген қонақтарды қарсы алып, оларға Қазақстанның мемлекеттік тулары мен шоколад таратып, ерекше күйге бөледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.. 

Акцияға шетелдік туристер, актерлер мен елорданың өзге де қонақтары қатысты. Еріктілер оларға еліміздің мемлекеттік рәміздерін таныстырып, ұлттық мереке мен қазақ халқының қонақжайлығы туралы әңгімелейді.

Республика күніне орай актер Еділ Анарбай да қазақстандықтарды құттықтады.

«Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Барлығыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Еліміздің аспаны әрдайым ашық, бейбіт болсын. Ең бастысы, еліміз өркендеп, тыныштық пен татулық салтанат құрсын! Қазақстанымызға толағай табыс тілеймін! Баршаңызға денсаулық пен амандық тілеймін!» – деді Еділ Анарбай.

Әуежайдағы мерекелік акция елордада Республика күніне орай өтіп жатқан іс-шаралардың бір бөлігіне айналды. Оның мақсаты – Астана қонақтарын мерекелік көңіл күйге бөлеу, еліміздің мәдениетімен және ұлттық мерекенің атмосферасымен етене таныстыру.