Қалалық сотта судьялармен көшпелі кездесу өтті

Қалалық сотта судьялармен көшпелі кездесу өтті
фото: Жоғары Сот Кеңесі

Астана қалалық сотында Жоғары Сот Кеңесі мүшелерінің елорда судьялары мен сот қызметкерлерімен кезекті көшпелі кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара Кеңестің кадрлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін түсіндіру жөніндегі жүйелі жұмысы аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов: «Іс-шарамыздың мақсаты – кадр саясатын жетілдіру мәселелерін талқылау, сіздерді Жоғары Сот Кеңесі қызметінің негізгі бағыттарымен таныстыру және көкейлеріңіздегі сұрақтарға жауап беру. Соңғы екі жылда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен судьялар корпусын қалыптастыру жүйесіне кешенді жаңғырту жүргізілді. Өзгерістер болашақ судьяларды даярлау мен біліктілік емтиханынан бастап, конкурстық іріктеу, тағайындау және кадрлық процестерді цифрландыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтыды», – деп атап өтті.

Сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ернар Бегалиев біліктілік емтиханынан өту тәртібін, кандидаттарды бағалау критерийлерін және кадр резервін қалыптастыру ерекшеліктерін түсіндірді.

Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева судьялардың тәртіптік жауапкершілігі мен Судья әдебі кодексінің талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталып, сот билігіне қоғам сенімін нығайтудағы тәуелсіздік пен бейтараптық қағидаттарының маңызын атап өтті.

Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының қызмет бағыттары мен судьялыққа кандидаттарға арналған білім беру бағдарламалары туралы Академияның Азаматтық-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры Руслан Сұлтанов баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Жоғары Сот Кеңесінің қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірмелер алып қана қоймай, судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін, судья кадрларын даярлау жүйесін және кадрлық рәсімдерді одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын білдірді. Барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер қарауға қабылданды.

Ашық форматтағы пікір алмасу мұндай кездесулердің кәсіби өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаң екенін тағы бір мәрте көрсетті.