Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі ақын, жыршы Баянғали Әлімжановтың «Манас жырындағы қазақ тақырыбы» атты дәрісі өтті.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Манас» жырын зерттеп, зерделеп, кеңестік цензурадан арашалап қалғаны тарихтан белгілі. Жалпы, «Манас» жырының бірнеше нұсқасы бар. Соның бір нұсқасын Шоқан Уәлиханов жазып алған. Баянғали Әлімжанов түрлі нұсқадан үзінділерді жырлады. Дәріс барысында «Манас» жырындағы қазақ бейнесі, жырдың тарихи-мәдени маңызы және қазақ пен қырғыз халықтарының рухани байланысы туралы ойлар ортаға салынды.
«Манасты» бала күнімізде оқығанда қазақ па, қырғыз ба, айыра алмай, дал болған кезіміз де бар» деген жыршы бұл тақырыпқа қалай келгенін әңгімеледі. Оның айтуынша, 1980 жылы Алматыда жүргенде екі кітап сатып алды. Бішкекте қазақ тілінде шыққан «Манас» жырының бірінші бетін ашып оқығанынан мүлде басқа әлемге енгендей болды. Содан бері «Манасты» жырлап келе жатыр. Бұған да жарты ғасырға жуықтады. Қырғыз ағайындарымыз еңбегін елеп, бірнеше рет марапаттады. Атап айтқанда, Баянғали Әлімжанов – Қырғыз Республикасы Композиторлар одағының және Мәдениет министрлігінің А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері, «Манасшы» халықаралық сайысының арнайы сыйлығының жүлдегері. Бұған қоса, оған «Манасшы Саяқбай» медалін тапсырып, Халықарылық түркі академиясы Баянғали Әлімжановты «Түркі әлемінің манасшысы» деп таныды.