Күрескер қыз

Күрескер қыз
фото: жеке мұрағатынан

1916 жылғы патша жар лығына қарсы тұрып, «жас боздақтарды май данның қара жұмы сына бермейміз» деп қалың мыңғырған малын айдап, Іле өзенінен арғы бетке асып кеткен бедел ді, дәулетті байлар болған. Тағдырдың сан қилы тоғысымен апамыз арғы бетте, ҚХР топырағында дүниеге келді.

Кейін 1963 жылы шекара аз уақыт­қа ашылған тарихи сәтте атамекенге оралып, Нарынқол ауданының Текес ауылында мектеп босағасын аттады. Екі жылдан соң отбасы Алматы облысының Шелек өңіріне көшіп келеді. Осылайша, асқар Алатау бөктерінен басталған тағдыр жолы ке­йін сан тарау белесімен өріліп, Арқа өңіріне табан тірегенде, өзінің еңбекқор да парасатты болмысымен ел арасында «Сарыарқаның сары қызы» деген ардақты әрі ыстық атқа ие болды.

Сөз өнері мен ұлт руха­ниятының киелі өлкесіне алғаш қадам басқанда, қанатыңды қайырмай, ойыңды да, бойыңды да түзеп, арқаңнан қағатын тәлімгердің орны өзгеше. Мен үшін журналистикадағы томағамды сыпырған, кәсіби болмысымның қалыптасуына шамшырақ болған асыл жан – халықаралық деңгейдегі қаламгер, «Қазақстанның құрметті журналисі» Сағат ­Сыдыққызы Батырханова.

Сонау студенттік жылдардың отты шағы әлі күнге де­йін көз алдымда... С.М.Киров атындағы (бүгінгі әл-Фараби атындағы) ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 3-курсын бітіріп, жазғы өндірістік практикамызды құрбым, бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова екеуміз Қарағанды облыстық телерадио комитетінде жолдамамен бастаған едік. Роза облыстық телеарнаның тыныс-тіршілігіне араласты, ал менің еншіме радио бағыты тиді. Сол кезде маған жол көрсетіп, журналистік әліппесін ұсынған жетекшім Сағат Батырханова болғанын үнемі зор мақтанышпен айтып жүремін. Өзім де журналистің отбасында дүниеге келіп, сөз қадірін ұғынып өссем де, репортерлік сумканы арқалап жүріп материал жинауды, ұшқыр репортаж дайындап, радиозаметка жасауды, кейіпкермен сұхбат өрбітуді ғана емес, ең бастысы, адаммен адами тұрғыда тіл табысып, ішкі дүниеңнен айналаңа сәуле шаша білуді осы Сағат апамнан үйрендім.

Сағат апаймен ең алғаш­қы журналистік іссапарымыз Теміртау маңындағы пионерлер лагерінен басталып, ке­йін кеншілер өлкесі мен Арқа руханиятының сан қырлы тынысын ашатын бірнеше радиоматериалымыз эфирге шықты. Ал практикада жүрген бізді Қарағандының ең жақсы дәмханаларынан дәм татқызып, бірнеше рет дастарқанына шақыр­ған бауырмалдығы, апалық аялы алақаны көңілімізде мәңгі ұмытылмас сәулелі естелік болып қалды. Сағат Сыдыққызының бүкіл болмысы мен азаматтық ұстанымы оның кәсіби еңбек жолымен біте қайнасып жатыр. Текті бабалардың өрлігін Арқаның кеңдігімен ұштастырған ол «Қазақстан-Қарағанды» ОТРК бас редакторы ретінде аймақтық ақпарат айдынында отты, салмақты материалдарымен дараланды. Одан кейін­гі 1995-2012 жылдары «Азаттық» радиосының Прагадағы тілшісі болған шағы – ақиқат пен сөз бостандығының нағыз ақ алдаспанына айналған кезеңі. Халықаралық деңгейде қоғамның ең өткір де өзекті мәселелерін тайсалмай көтерген қайсарлығы үшін де ол «Кәсіпке адалдығы үшін» марапатына, «Алтын қобыз» сыйлығының «Алтын жолақ» аталымына және «Қазақстанның құрметті журналисі» куәлігіне әділ лайық деп танылды.

Сыртынан қарағанда сөзі нық, ісі ұқыпты, мінезі тік болғанымен, Сағат апай – адам жанын тереңнен сезетін мықты психолог, ұлттың жоқтаушысы, қазақтың намысқой қайраткер қызы, дос дегенде жүрегін жұлып бере алатын ерекше жомарт жан. Жезқазған өңіріндегі PR мен тележурналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосқан әріптесіміз, марқұм Базарбай Әлеуханұлы заңсыз жұмыстан қудаланғанда, облыс орталығы Қарағандыдан ақ сөзін айтып, Ерсін Мұсабеков бауырымыз­бен бірге араша түсіп, азаматтық пен әділдіктің үлгісін көрсеткенде де осы отты болмысы танылған еді. Биыл
40 жыл толатын Желтоқсан көтерілісі кезінде де заң орындарынан қанша теперіш көрсе де, еңсесін түсірмей, басын тік ұстаған Сағат апам – қазақтың нағыз күрескер қызы.

Сағат апам бұл күндері сүйкімді немерелерінің аяулы әжесі болып, отбасының берекесін кіргізіп отыр. Кейінгі жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының баспасөз хатшысы ретінде қара шаңырақтың рухани жетістіктерін қалың көрерменге жеткізіп, өнер мен журналистиканың алтын көпіріне айналғаны да оның парасат биігін аңғартады. Өзім үйдің тұңғышы болғандықтан ба, жақсы адамдарды «апалап», соларға қарап бойымды түзейтін әдетім бар еді. Ал Сағат апама қарап тек бойымды ғана емес, ойымды да түзеп келе жатқанымды мақтанышпен айтамын. Сізге ғасыр дидарын көруді жазсын!

Мақпал ОРЫНБЕТОВА,

Қазақстанның

құрметті журналисі