Жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы ескертілді

Жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы ескертілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығарумен айналысатын ұйымдардың жүргізушілерімен түсіндіру кездесулері өткізіліп жатыр,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесулерді қалалық Полиция департаменті елордалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысының мақсаты – арнайы техника жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтаудың және жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызын еске салу.

«Іс-шара барысында елордадағы қоқыс шығаратын үш компанияға бардық. Біздің мақсатымыз – барлық жүргізушіні қамту. Сондықтан кездесулер ауысым алмасатын уақытта өткізілді: біріншісі таңғы сағат бесте, екіншісі түскі сағат он екіде, үшіншісі кешкі сағат бесте ұйымдастырылды», – деді елордалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Жанар Сәдуақасова.

Кездесулер барысында жүргізушілерге Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидалары түсіндіріліп, қалада бұрын болған жол-көлік оқиғаларының мән-жайы мен олардың алдын алу шаралары талқыланды.

Тұрғын үй кешендерінің аумағында жұмыс істейтін арнайы көлік жүргізушілерін рейс алдындағы медициналық тексеруден өткізу және қоқыс таситын көліктердің техникалық жағдайын тексеру тұрақты түрде жүргізіледі.

«Қоқыс таситын көліктер тұрғын үйлердің аулаларына кіретіндіктен, жүргізушілер жылдамдықты азайтып, маневр жасау кезінде аса сақ болуы керек. Олар барынша мұқият болып, жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға тиіс. Кездесулер барысында балалардың қауіпсіздігіне, сондай-ақ мектептер мен балабақшалар маңында арнайы техниканың қозғалысына ерекше назар аударылды», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері, полиция капитаны Әсет Аятхан.

#законипорядок #заңментәртіп