Мас күйінде көлік жүргізудің салдары түсіндірілді

Мас күйінде көлік жүргізудің салдары түсіндірілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Жол қозғалысының қауіпсіздігі көп жағдайда әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты. Осы орайда алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік жүргізу жағдайларының алдын алуға ерекше назар аударылады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Сарайшық ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мөлдір Жолдасова айтып берді,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы және Қылмыстық кодекстің 345-1, 346-баптары мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты көздейді.

Құқық бұзушылықтың сипаты мен салдарына қарай әкімшілік қамаққа алу, көлік құралын басқару құқығынан айыру және бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар тағайындалуы мүмкін. Заңда көзделген жағдайларда көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы да қолданылады.

«Елордада масаң күйде көлік басқарған 40 жастағы тұрғынға 15 тәулік әкімшілік қамаққа алу және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру жазасы тағайындалған. Тағы бір жағдайда масаң күйде қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші 8 айға бас бостандығынан айырылып, көлік басқару құқығынан 10 жылға айырылған. Ал бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған, есірткілік масаң күйде қайта көлік басқарған азаматшаға 1 жыл бас бостандығынан айыру және көлік басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалған. Құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылап, профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Алайда қауіпсіздік әр жүргізушінің жеке жауапкершілігінен басталады. Азаматтарды масаң күйде көлік басқармауға, заң талаптарын сақтауға және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Ешбір сапар адам өмірінен қымбат емес», – дейді спикер.