Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті әдебиеттанушы ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Университеттің Филология факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасы және «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған алқалы жиынға қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, ғалымның шәкірттері, магистранттар мен докторанттар қатысты. Түркия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Татарстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар да ғылыми баяндамаларын ұсынып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Конференцияны ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы жүргізді. Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов ғалымның ұлттық ғылым мен руханияттағы орнын айрықша атап өтті.

«Қайым Мұхамедханов – қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым. Әдебиет тарихын зерттеуші, текстолог және ұлт руханиятының жанашыры. Оның саналы ғұмыры Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге және архивтердегі шығармашылық мұраны ғылыми айналымға енгізуге арналды. Әсіресе, Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттерінің әдеби дәстүрін зерттеуі абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айрықша ықпал етті», – деді ректор.

Ерлан Сыдықов Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасының құндылығы әдебиет тарихындағы ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы сынды ақындардың шығармашылық мұрасын ғылыми айналымға қосуымен де ерекшеленетінін атап өтті. Ғалымның мәтінтану саласындағы еңбектері қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын түпнұсқалық тұрғыдан зерттеуге негіз болғанын жеткізді. Сондай-ақ Қайым Мұхамедханұлының мұрасын жинақтап, зерттеп, насихаттап жүрген қызы Дина Қайымқызына Күлтегін медалін табыс етті. Дина Қайымқызы мұны тек өзіне ғана емес, Қайымды зерттеген ғалымдарға жасалған құрмет деп қабылдады.

Конференция барысында Қайым Мұхамедханұлының қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны мен еңбектерінің қазіргі гуманитарлық ғылымдар үшін маңызы кеңінен талқыланды. Ғалымның абайтану, шәкәрімтану, алаштану және қазақ текстологиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі сараланды. Сондай-ақ оның ғылыми тұжырымдарының білім беру жүйесіндегі мәні, рухани-мәдени құндылықтар туралы ойларының бүгінгі қоғам үшін өзектілігі баса айтылды.

Танымал алаштанушы ғалым, Қайым Мұхамедханұлының шәкірті Тұрсын Жұртбай ұстазы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Ол Қайым ағамен бірге өткізген жылдардан сыр шертіп, ғалымның ғылымға деген адалдығы, ұлт мұрасына жанашырлығы мен азаматтық болмысы туралы тағылымды әңгімелер айтты. Сондай-ақ ұлы тұлғалардың еңбегін дәріптеу, олардың рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттау – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Басқосуда ғалым қалыптастырған ғылыми мектептің сабақтастығы, оның мұрасын әдебиеттанудың заманауи парадигмалары аясында жаңаша зерделеу мәселелеріне де назар аударылды. Әртүрлі елден келген зерттеушілердің басын қосқан конференция Қайымтанудың көкжиегін кеңейтіп, ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Қайым Мұхамедханұлы – энциклопедист ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз және қоғам қайраткері. Ол 1945 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторларының бірі болды. 1940 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, 1940 жылы Семейдегі Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастыруға белсене атсалысты. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ғалымның өмірі мен шығармашылығы – ғылымға адалдықтың, ұлттық мұраға жанашырлық пен азаматтық табандылықтың жарқын үлгісі.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ