«Кітап оқитын ұлт»: марафонға қатысушылар 59 күнде 1,1 млн-нан астам кітап оқыды

«Кітап оқитын ұлт»: марафонға қатысушылар 59 күнде 1,1 млн-нан астам кітап оқыды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстан тарихындағы алғашқы ауқымды республикалық кітап оқу марафоны «Кітап оқитын ұлт» миллион кітап белесінен асты. 59 күнде қатысушылар 1 102 560 кітап оқып, 1 102 560 пікір жазды. Бұл — күн сайын орта есеппен 18 мыңнан астам кітап, ал әрқайсысының артында оқырманның өз пікірі тұр,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қатысушылар кітап оқып қана қоймай, алған әсері жайлы да сыр бөліседі. Олар әлеуметтік желілерде 64 177 бейнепікір жариялады, ал кітап туралы әңгімелер олардың достарына, әріптестеріне және жазылушыларына жетіп жатыр. Қатысушылар жалпы 260 млн ұпай жинады.

Марафон түрлі жастағы, саналуан мамандық иелерінің басын қосады. Олар: оқушылар мен студенттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, интеллектуалдар мен тұтас отбасылар. Бұрын кітап оқу әркімнің жеке ісі саналса, қазір бүкіл елдің ортақ ісіне айналып отыр.

Марафон аясында 15 кітап оқу кезеңі 2027 жылдың 9 наурызына дейін жалғасады, алда әлі 117 күн бар. Оқу кезеңінен кейін қатысушыларды тестілер мен зияткерлік квиздер күтіп тұр. Сынақтардың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде Жылдың 10 оқырманы анықталады.