Киесі кеткен кимешек

Киесі кеткен кимешек

Осы нағыз қазақтікі дейтін ұлттық киіміміз қандай? Шапанның жөні осы деп ойымызға келген өрнекпен ойқыштап, адам иығына ілмейтін еттік. Қамзол, бешпенттеріңіз де осындай. Тойға кисең де, қойға кие алмайсыз.

Соңғы кездері кимешек трендке айналып келеді. Бұл ретте этнодизайнер Тілек Сұлтанның еңбегі зор. Қазақтың кимешек кию дәстүрін қайта жаңғыртып, аналарымыздың сандығында жатқан кимешектерді өз қалпында халыққа ұсынып, талмастан насихаттауда. Соның арқасында өңіржиегі қызыл жіппен кестеленген «қызай кимешектер» көздің жауын алып, ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымызбен Тілек Сұлтан арқылы қауышып жатырмыз.

Дегенмен, ұлттық киімдері­міздің кімге арналып, қандай жағдайда кию керек деген түсінігіміздің кемдігі қазақы образды дәл таппай отыр. Этнолог ғалымдар бұл үрдіске атсалыспай тұр. Сол себепті сарықарын бәйбішелер киетін киімді келіншектер, жас келіннің киімін орта жастан асқандар кие береді. Білімсіздіктен болған талғамсыздық да зиян. Алабажақ ою-өрнекті көрінген жерге жапсырып та бездіріп жіберді. Ол туралы айтылып та жүр.

Бүгінгі әңгімеміз кимешек туралы болмақ. Одан да кие кетіп барады. Себебі сол сауатсыздығымыздан қалай, бар киімді қайда киерімізді білмейміз. Шылауышы тілерсекке жеткен, күндігі таудай кимешекті басқа ілгеннен кейінгі әдебін ұстап жүре алмаймыз.

Әжелеріміздің кимешектерін көріп өстік. Шытырдай аппақ кимешегі жарқырап, төрде отыратын әжелеріміздің шалт қимылы түгілі, дауысын көтеріп сөйлегенін байқамаппыз. Кимешектің киесі сол емес пе, адамның артық қимылынан сақтап, бойын тіп тік ұстап көркін келтіруші еді. Сол себепті де ұл-қыз өсіріп, жеткізіп, ұрпағының абыройынан ел анасы атты құрметке ие болғандары ғана күндік орап, кимешек киетін. Кимешектің сәні әжелеріміз бе, әлде әжелеріміздің кимешектің сәнін келтіруші ме еді, білмеймін, сәні келіскен соң екеуі де асыл. Өзім болсам, батылым жетіп кимешек кие алмасым анық. Ондай жасқа жетіп, сондай құрмет иеленгенде ғана кимешегім келісер ме еді.

Жақсы делік, киетін кимешек бар ма деген сұрақ туындайды. Астананың белсенді зейнеткерлері кимешек киюден жарысқа түскендей әсер қалдырады. Мақұл, әжелеріміздің ақкимешегі жарасып ортамызда жүрсін делік. Енді сол апайлардың бірін-бірі «подружка» деп атап шақырып, селфилетіп, жиынның шырқын бұзып, үлкендікке жараспайтын әрекеттерін көргенде, іштен тынамыз. Кимешекті де көтеріп алып жүретіндер бар, басың көтермесе, қазақтың ұлттық киімін неге теріс жарнамалайсыздар дегіміз-ақ келеді.

Не киеміз дегенде тағы да дәстүрімізге ден қоюымыз керек. Ол тарихта жазылып тұр. Өйткені ауа райының, көшіп-қону сияқты тұрмыс салты, тіпті руына да қарай әйелдердің кимешектері әртүрлі болған. Бүгінгі қаланың жағдайында қызайдың кимешегін киеміз де, батыс пен шығыстың, не Жетісудің кимешегін киеміз бе деген ой мазалайды. Этнодизайнер осы ерекшеліктерді ескеріп, әсіресе ішіндегі көзтартар келістісін көптеп шығарып, оның ұлттық киім үлгісіне айналдырудың амалын жасағаны игі еді. Әйтпесе бұл да шапанның кебін киіп, жыл он екі айда киілмейтін артық затқа айналады.

Кимешек киілгені жақсы, егде жастағы зейнеткерлеріміз насихаттай бастаса, дәстүрлі салтымызға сай, жас келіншектер де әсем киінуге икемделіп, әдемі ұлтымыздың мақтанышына айналар еді.

Қазақтың әйелі кимешек киген. Оны отқа да, суға да салатын, шашын басып қана қоймай, желден де, суықтан да, ыстықтан да қорғайтын киім ретінде бағаланған. Қазіргі күні сәндік бағамы асып тұрғанда талғаммен оралып, киілетін жерінде кисе, қазақ әйелінің образы жарқырап шыға келер еді.

Жөні осы екен деп арзан моншақпен әдіптеп, шашақ бауын төгілтіп қою жастарға жарасса да, кемпірлерге ерсі көрінеді. Оны да ескеріп, күлкі болмағаны абзал. Кимешек кидің бе, өз нақышында күндігін орап, құрметіңді түсірмеген жөн. Картоннан қоқырайтып, орыстың поптарындай киюге жеңіл деп алдаусыратуға болмас. Кимешектің киесі деген қазақтың ұлттық киімі, оны өзі тәртібі мен әдебін, мүмкіндігінде тарихи қалпына мұқият болған жөн. Оған арзанқол ұқсас дүниелерді басымызға жапсырып, берекесін алмайық.

Кейде үлкен жиындарда ала-құла, маңдайшасына ою түсірген, екі самайына арзанқол әшекей қадап, артық әдеміленгендерге қарап күрсінеміз.

Жалпы ұлттық киім киюдің жауап­кершілігі бар, барша қазақтың имиджіне нұқсан келетін болса, дұрысы, ұлттық киімге ұқсас дүниелерден тартынған да жөн...