ЖИ марқұмдарды тірілтті...

ЖИ марқұмдарды тірілтті...

Жасыратыны жоқ, шынын айтсам, жасанды интеллектінің пайдасы да, залалы да жетіп артылады. Бір таңғаларлық жағдайды айтайын, бұл интеллектінің жаңа шығып жатқан кезі еді. Бір жақын туысымның әкесінің қайтқанына 50 жыл болған асына бардым.

Әдетте қайтыс болған адамның өмірінен роликтер, суреттер көрсетеді ғой. Ал мына роликте туысымның өмірден өткен әкесі мен шешесін ЖИ тірі адамдай сөйлеткен. Марқұмдар екеуі қосылып, «құлындарым бізге құран оқытам деп дастарқан жайдыңдар, о дүниеге кетсек те біз сендерді көріп отырмыз» деп сайрап тұр. Ал осы көрініске қандай баға береміз? Аста отырған үлкендер «Астапыралла, мыналар тіріліп келген бе?» деп зәрелері ұшты. Бұл енді жасанды интеллектінің жаңа шыққан кезінде болған оқиға.

Интеллект – өте ауқымды ұғым. Бұл өте жылдам дамып келеді. Сондықтан қоғамдық өмірдің қалыпты дамуына кедергісін де келтіріп жатыр. Ақпарат алудың өзі қиындап барады. Өшпенділік пен агрессия көбейіп кетті. Мысалы, былтыр Астанада «Бәйтерек» өртеніп жатыр деп шарпыған от жалынды, қисайып құлаған «Бәйтеректі» көргенде «мына опат үлкен залал әкелді-ау» деп қамықтық. Артында өтірік болып шықты, біреу жасанды интеллекті арқылы апатты жағдайды әлеуметтік желіге салып жіберген. Тіпті қазір әдемі боянып алып, ән салатын әншілер қатары көбейіп кетті. Басында байқамай «ойпыр-ай, мынау керемет әнші ғой» деп таң қаласың. Бажайлап қарасаң, атақты әншілердің дауысымен айтып тұр. Оны ауыз қимылынан байқап қаласың. Бұл – нағыз жеке адамның шығармашылығына қол сұғу деген сөз. Қазіргі Ресей мен Украина соғысында жантүршігерлік гибридті соғыстар көрсетеді. Осы керек пе? Оқиға ортасынан журналистің шынайы шындықты айтатын репортажына ештеңе жетпейді.

Тіпті қазір отбасында балаларымыздың қандай контент көріп отырғанын бақылай алмаймыз. Бұл бағытта заңмен негізделген тәртіп пен ереже керек шығар. Біз қазір журналистер жасанды интеллектіні интернет желісіне салған ақпараттың негізінде ғана жұмыс істеп отырғанымыз жасырын емес. Ал ойлау, зерттеу, авторлық жауапкершілік пен авторлық құқық мәселелері ескерусіз қалайын деп отыр. Олай дейтінім, жасанды интеллект журналистің қаншама жыл зерттеген тақырыбын, идеясын оның маңыздылығын басқа материал ретінде ұсынуы мүмкін. Сол тұрғыдан келгенде журналистің авторлық құқы қандай заңмен қорғалуы керек? Ол жағы белгісіз.

Рас, кеше бәріміз ақпаратты интернеттен іздедік. Бүгін интернет адамның сұрағына өзі жауап береді. Ертең ше? Жасанды интеллект адамзаттың көмекшісі болып қала ма, ǝлде оның орнын басатын күшке айнала ма? Бұл – XXI ғасырдың ең маңызды сұрақтарының бірі. Бүгінде жасанды интеллект ғылыми фантастика емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Ол смартфондағы дауыс көмекшісінен бастап, медицинадағы ауруды анықтау жүйелеріне, білім беруден өндіріс пен журналис­тикаға дейін көптеген салаларда қолданылып келеді. Адам бұрын бірнеше сағат жұмсайтын жұмысты жасанды интеллект бірнеше секундта орындай алады. Бұл – технологиялық прогрестің жаңа кезеңі.

Алайда кез келген жаңалықтың екі қыры бар. Бір жағынан, жасанды интеллект адам өмірін жеңілдетеді. Дǝрігерлерге дǝл диагноз қоюға көмектеседі, мұғалімдерге оқу процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, кǝсіпкерлерге үлкен көлемдегі мǝліметтерді талдауға жағдай жасайды. Ал журналистердің қызметін жасанды интеллект атқара ала ма? Ақпарат беру мен оқиғадан репортаж беру деңгейінде атқарар. Журналистің образдық және адам тағдырын қозғайтын, оқырманға ой салып, ойландыратын мақаланы жасанды интеллект жаза ала ма? Жасанды интеллект көптеген сұрақтарға мүдірмей жауап береді. Бірақ, адамның ой-өрісін, сабырлығы мен парасаттылығын және ұлттың рухани құндылықтарын айырбастай алмайды. Мен осы Астанада төрт күндей жасанды интеллект курсына бардым. Байқағаным, жасанды интеллект бүкіл әлемге, дүние жүзіне әмірін бірдей жүргізеді екен. Оны үйретуші жас жігіт айтты. Сонда жасанды интеллектіде қазақтың ұлттық болмысы қайда, ата-бабаларымыздың рухы қайда деген сұрақ туындайды. Бәрі бірдей болса, баяғыдай «Мой адрес Советский Союз» болып кетпей ме? деген ой келді маған. Ол үшін жасанды интеллектінің базасын қазақтың тарихымен толтыру керек шығар.

Екінші жағынан, жасанды интеллект жаңа қауіптерді де алып келді. Жоғарыда жазғанымдай, ақпараттың таралуы, дипфейк технологиялары, жеке деректердің қауіпсіздігі жǝне авторлық құқық мǝселелері қоғам алдында жаңа сын-қатерлер туғызуда.

Болашақта ең бағалы қабілет – ақпаратты есте сақтау емес, оны түсініп, тиімді пайдалану болмақ. Қазақстан үшін де жасанды интеллект – үлкен мүмкіндік. Алайда бұл үшін цифрлық сауаттылықты арттырып, жас мамандарды жаңа технологияларға бейімдеу қажет. Болашақтың бǝсекесіне тек технологияны қолданатын емес, оны жасай алатын ел ғана төтеп береді.

Цифрлық технологияның дамыған дǝуірінде ең үлкен артықшылық интеллектінің жасандылығында емес, адамның даналығы мен адамгершілігінде болмақ. Болашақ өмірімізді жасанды интеллект емес, оны дұрыс басқара алатын адам ғана қалыптас­тыра алады.

Мағжан Садыханұлы,

ардагер журналист