Жастар неге бейәдеп сөзге құмар?

Жастар неге бейәдеп сөзге құмар?

Елімізде жиырма миллионнан астам адам бар десек, сол жиырма миллион адамның жиырма миллион түрлі мінезі, жиырма миллион түрлі болмысы бар екені анық. Дегенмен, адам баласының мінезі туғаннан қалыптасып, өмір бойы өзгермей қалмайды. Оған отбасы, өскен ортасы, достары, қоғам, көргені мен түйгені, тіпті күн сайын араласатын ақпараттық кеңістігі де әсер етеді. Хакім Абайдың «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзі де адам болмысының өзгеретінін меңзесе керек.

Расында, заман өзгерген сайын адамның жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, қарым-қатынасы да өзгереді. Көшпелі кезеңдегі қазақтың болмысы мен бүгінгі қалалық қоғамдағы қазақтың мінезін бірдей болмауының да себебі сонда. Заманында осындай сайын даланы сайғақтай кезген ел біртіндеп отырықшылыққа бейімделді, қала мәдениетіне көшті, жаңа технологияны қабылдады. Осы өзгерістермен бірге қауымның дүниені қабылдауы да, қазақы мінезі де түгелдей өзгеріске ұшырады. Бірақ қоғам қанша өзгерсе де, адамның адамдық өлшемдері өзгермеуі керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, сөзге тоқтау, ағайынға бауырмалдық, бөтен адамға да жөн-жосықпен қарау деген сияқты мәселелер белгілі бір заманға ғана тиесілі құндылық емес қой. Ол – қай заманда да құндылық.

Оның үстіне біз әдетте, қазақтың кеңпейілдігі, қонақжайлығы, адамға деген ілтипаты туралы көп айтамыз. Алайда осы қасиеттердің күнделікті қарым-қатынаста қаншалықты сақталып жүргеніне мән беріп, назар аударып көрдіңіз бе?

Негізі адамдар арасында бір-бірімен қалжыңдасу мен еркін сөйлесудің жөні екі бөлек. Бірақ соңғы уақытта көшеде, аулада, қоғамдық орындарда жүргенде жасөспірімдер арасында боқтық сөзді қалыпты әңгіме тіліне айналдырып алған балаларды көп көретін болдық. Бір-бірін ауыр сөздермен балағаттау кейде олардың арасында қалыпты қарым-қатынастың бір түріне айналған әуелі. Өкініштісі, мұндай әдеттің қыз балалар арасында да кездесетіні. Сонда қаланың баласы «мұнша боқтықты қайдан үйренді?» деген сұрақ туады. Әрине, бұған отбасындағы сөйлеу мәдениеті, достар ортасы, мектептегі қарым-қатынас, интернеттегі контент, әлеуметтік желідегі тілдік орта бәрінің де өз әсері мен үлесі бар. Психология тұрғысынан қарағанда, жасөспірім үшін құрдастарының пікірі ерекше маңызды кезең. Ол өзін белгілі бір ортаға тиесілі сезінгісі келеді. Егер сол ортада дөрекі сөйлеу «батылдықтың», «еркіндіктің» немесе «өзіндік ерекшеліктің» белгісі ретінде қабылданса, бала соны қайталауы мүмкін екен.

Астаналық тұрғын Гүлмира Қасымованың пікірінше, мәселенің бір ұшы үйдегі тәрбиеге келіп тіреледі.

– Баланы «жаман сөз айтпа» деп ұрыса бергеннен ештеңе шықпайды. Ол сөзді баланың өзі қайдан естіп жүргенін қарау керек. Үйде ата-анасы бір-бірімен дөрекі сөйлессе, көшеде достары боқтаса, интернеттен сондай сөздерді күнде көрсе, баланың оны қалыпты нәрсе деп қабылдауы заңды. Сондықтан тәрбие сөзден бұрын үлкендердің өзінен басталуы керек, – дейді ол.

Бұл пікірді зерттеу нәтижелері де белгілі бір деңгейде қуаттайды. Мәселен, жасөспірімдер арасында жүргізілген бір зерттеуде медиадағы бейәдеп сөздерге жиі ұшырау балада мұндай сөздерді қолдануға деген қалыпты көзқараспен және оны қолдану ықтималдығымен байланысты болған. Демек, балаға «сенің тілің бұзылып барады» деп кінә артудан бұрын, оның күн сайын қандай тілдік ортада өмір сүріп жүргенін қараған жөн.

Бүгінде мәселе ауладағы әңгімемен шектелмейді. Әлеуметтік желілер адамның ойын жария түрде айту мүмкіндігін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Бұрын адам өз ортасында айтатын сөзін бірнеше адам ғана еститін. Қазір бір адамның телефонына жазған бір сөйлемін мыңдаған адам оқиды. Оның үстіне әлеуметтік желіде назар аударту үшін әдейі өткір, даулы немесе шектен шыққан мазмұн жасауға ұмтылу да бар.

Әсіресе, Threads сияқты платформалардағы жазбаларға қарап отырып, кейде жастардың жеке өміріне қатысты дүниелерді еш қысылмай көпшілік алдына шығаратынын байқаймыз. Жеке қарым-қатынасы, кіммен кездескені, кімге қызығатыны, тіпті интимдік сипаттағы мәселелерін ашық жазатындар бар. Қазақша айтқанда, нағыз тексіздік жайлаған орта болып тұр, бұл платформа.

Ал өсек пен төсектен басқа әңгіме айтқан адамның көрілімі бар болғаны бір-екі лайкпен шектелуде.

– Қазір кей жастар «бәрін ашық айту – еркіндік» деп түсінетін сияқты. Бірақ еркіндік пен жауапсыздықтың арасы жер мен көктей. Адамның басына келген нәрсенің бәрін жұртқа жариялау міндет емес қой. Жеке өмір деген болуы керек,– дейді Ерлан Сейдахмет.

Шын мәнінде, қоғамдағы кейбір көріністерге қарап, «ар-ұят деген ұғым жоғалып бара жатыр» деген ойдың келуі түсінікті. Бірақ мәселені осылай бір ауыз сөзбен түйіндеу де дұрыс болмас. Өйткені бүгінгі жастардың барлығын бір өлшеммен бағалау мүмкін емес. Мыңдаған жас кітап оқып, білім алып, еріктілікпен айналысып, ата-анасына көмектесіп, спортпен шұғылданып, ғылым мен өнерге ұмтылып жүр. Қоғамда көзге көрінбейтін, бірақ өзінің тәрбиесімен, еңбекқорлығымен, үлкенге құрметімен үлгі болып жүрген жастар да аз емес.

Сондықтан мәселе – жастардың түгел өзгеріп кеткенінде емес. Мәселе – қоғамда қандай мінездің көбірек көрініп, әлеу­меттік желі арқылы қандай әрекеттің көбірек қаралым жинап жатқанында.

– Қазір балалардың тәрбиесін тек ата-анаға артып қоюға болмайды. Бұрын бала күні бойы мектепте немесе аулада жүрсе де, айналасындағы ересектердің бақылауында болатын. Қазір баланың қолында жеке телефоны бар. Ол біз білмейтін жүздеген адаммен, мыңдаған ақпаратпен араласады. Сондықтан қазіргі тәрбиенің бір бөлігі цифрлық мәдениетке үйрету болуы керек. Мәселен, Бұрын «ел не дейді?» деген сөздің өзі адамға тоқтау салатын. Қазір «жұрт не дейді?» дегеннен гөрі «қанша адам көрді?» деген өлшем пайда болғандай. Бізге қаралымнан бұрын қадірдің маңызды екенін қайта түсіндіру керек, – дейді ұстаз Айман Төлегенқызы.

Айналып келгенде, бұл жерде баланы интернеттен толық бөліп тастау да мәселені шешпейді. Себебі әлеуметтік желі – қазіргі өмірдің бір бөлігі. Оның орнына балаға ақпаратты саралауды, адамның жеке шекарасын түсінуді, қандай сөздің орынсыз екенін, интернетке жазылған нәрсенің бәрі дұрыс бола бермейтінін үйрету маңызды.