Астана қаласының полиция қызметкерлері құрылыс нысанынан топырақты заңсыз әкетуге әрекет жасаған төрт арнайы техниканы оқиға орнында тоқтатып, жүргізушілерін ұстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, түскі уақытта күдіктілер құрылыс алаңына заңсыз кіріп, арнайы техникалардың көмегімен топырақты тиеп, алып кетпек болған. Алайда олардың әрекеті полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде дер кезінде әшкереленіп, төрт жүк көлігі қылмыс орнында ұсталды.
Тексеру барысында арнайы техникаларды 36, 37, 41 және 60 жастағы азаматтар басқарғаны анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің арнайы техникалары айып тұрағына қойылды.
Астана қаласының Полиция департаменті құрылыс нысандарының иелері мен мердігер ұйымдарды құрылыс материалдары мен өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін күзет пен бейнебақылау жүйелерін күшейтуге шақырады. Сонымен қатар бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған кез келген әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.