Париж қаласында «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі француз көрермендеріне «Көшпенділер әуендері» бағдарламасын ұсынды. Концерт Багатель саябағындағы жылыжайда ұйымдастырылды. Париж жұртшылығы музыканттардың орындаушылық деңгейін жоғары бағалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ансамбль қазақстандық және түркі композиторларының шығармаларын орындады. Концерт бағдарламасында Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Владимир Стригоцкий-Пак, Алмас Серкебаев және Хабибулла Сетековтың туындылары болды.
Іс-шараны Париж ботаникалық бағының кураторы мен Париж мэриясы ұйымдастырды. Сонымен қатар, Багатель ботаникалық бағының 10 жылдық мерейтойына орай Ботаника және фитоинтродукция институтында өсірілген Қазақстан өсімдіктерінің үлгілері сыйға тартылды.