Елорданың бірқатар балабақшаларында Intellectum әдістемесі қолданылады. Жуырда осы әдістемемен танысып, мектепалды даярлық бағытында тәжірибе алмасу мақсатында Астанаға қырғыз елінің ұстаздары келіп кетті.

Қонақтар алдымен №69 «Еркем-ай» балабақшасына барды. Онда аталмыш балабақша меңгерушісі Марал Ахметова мұндағы білім мен тәрбие беру үдерісімен және балдырғандардың интеллектуалды дамыту үшін қолданылатын заманауи әдістермен таныстырды. Intellectum әдістемесінің нақты көрінісі ретінде ашық сабақ өткізілді. Осы әдістеме «Intellectum Bala» балабақшасында да көрсетілді.

Бұған қоса, қонақтарға аталған балабақшалардағы оқу-әдістемелік кешен, балаларды интеллектуалды дамытатын ойындар мен дидактикалық материалдар, практикалық ойындар таныстырылды. Қырғыз азаматтары елорданың көрікті жерлерін аралап, көрнекті ғимараттарды да көрді.

«Біз №69 «Еркем-ай» балабақшасымен меморандумға отырып, біраз жылдан бері бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл балабақша біздің әдістемені қолданады. Бір жылдай болып қалды, балабақша тәрбиеленушілері олимпиадаларға қатысып, үнемі жүлделі орындарды алып келе жатыр. Intellectum әдістемесіне келетін болсақ, бұл әдістеме мектепке дейінгі балаларға арналған. 2-5 жас аралығындағы балаларды қамтиды. Бұл әдістеме балалардың зейінін, шығармашылығын, креативтілігін жан-жақты дамытуға бағытталған. Аталған әдістеме жүйелі жасалды, яғни дидактикалық материалдары, педагогтерді оқытуға арналған оқу кешені бар. Сол бойынша олимпиада өткізіп тұрамыз. Intellectum әдістемесі – авторлық отандық өнім. Қазір осы әдістемені қырғыз еліне де енгізіп жатырмыз. Атап айтқанда, Ош қаласындағы «Кемеңгер» балабақшасында осы әдістемемен жұмыс істейтін кабинет ашылды» дейді «Intellectum» қосымша білім беру орталығының академиялық директоры Арай Дулатқызы.