Астанада «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында әкелер мен балаларға арналған қыш құмыра жасау бойынша шеберлік сабағы өтті. Boyau Art Studio шығармашылық алаңында ұйымдастырылған шарада қатысушылар кәсіби мамандардың жетекшілігімен керамика өнерінің қыр-сырымен танысып, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Шеберлік сабағы барысында әкелер мен балалар бірлесе еңбек етіп, ерекше естелік сыйлықтар әзірледі. Ортақ жұмыс олардың өзара түсіністігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға қала тұрғыны Нұрдәулет Әбілдаев ұлы Әлиханмен бірге қатысып, мұндай бастамалардың отбасы мүшелерін жақындастыра түсетінін атап өтті.
«Күнделікті тіршіліктің қамымен балаға уақыт бөлу кейде кейінге қалып жатады. Осындай шаралар әке мен баланың бірге уақыт өткізуіне, ортақ дүние жасауына мүмкіндік береді екен. Ұлым екеуміз алғаш рет қыштан бұйым жасап көрдік. Әуелде қиналғанымызбен, кейін бір-бірімізге көмектесіп, шағын құмыра жасап шығардық. Баламның қуанышын көріп, өзім де ерекше әсер алдым. Кейде балаға қымбат сыйлық емес, әкесімен бірге өткізген бір сағаттың өзі өмір бойы ұмытылмас естелік болып қалатынын түсінесің. Бүгінгі күн біз үшін ерекше сәттердің біріне айналды», – дейді ол.
Сонымен қатар Әкелер күні аясында Sairan Arena спорт кешенінде футболдан шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар кәсіби бапкерлердің жетекшілігімен жаттығулар жасап, спорттың қыр-сырын меңгерді. Қызықты эстафеталар мен белсенді ойындар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шараның басты ерекшелігі – әкелер мен балалар арасындағы жолдастық кездесу болды. Бір команда сапында өнер көрсеткен қатысушылар ортақ мақсатқа ұмтылып, өзара сенім мен түсіністікті нығайтты. Турнир соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.