Өмір зая болмасын десек...

Өмір зая болмасын десек...

Бәріміз ұйқыдан ояна сала телефонға үңіліп, алдымен ауа райын анықтап алып, «байлаулы тұрған» әлеуметтік желілерді бір шолып шығатын әдетіміз бар. Басымызды жастыққа қоя салып көзіміз қарауытқанда, қолымыздан телефон түсіп кетпесе, ұйықтай да алмаймыз. Ағылған ақпараттың нөпірімен оразамызды да ашамыз.

Өмірдің барлық саласына терең еніп үлгерген ақпарат-телекоммуникация технологиялары санамызды құрсаулап қойды. Тірлігіміз де соған тығыз байланысты. Күнделікті ағайын-туыспен байланыстан бастап, банк, көлік, тұрмыс мәселелерін шешуде телефон шұқымасаң шаруаң бітпейді. Бұл да дұрыс шығар. Ақпараттың арасында өзін жоғалтпаса да, адасқан адамның көштен қалмауы осы технологияны меңгеруге, жұмыс істеуге байланысты болып қалды. Алайда мұның екінші жағы бар. Жаһанданған әлем тудыр­ған осы қарбаласқа, сын-қатерге қарсы тұратын қауқар бар ма? Ақпарат тасқыны, оның күн сайын тоқтаусыз үдеуінен туындаған қысымға қаншалықты шыдас береміз? Әлде жетегінде кеткеніміз осы ма?

Айтып-айтпай не керек, ақпараты мол қоғамның қайнаған қазанында жанымыз қуырылып жатыр. Ішкен асымыз бойымызға сіңбей, мен жоқ жерде не болып жатыр деп сағат емес, көзді ашып-жұмғандай бір сәтке де тыным таппай ақпараттар ағынына құлақ түрудеміз. Қолайымызға келмеген бір ақпараттан ауырып қалатын, тіпті жүйкеміз жұқарып, қан қысымы көтерілетін кезі де бар. Басқаша айтқанда, сан алуан ақпаратқа белшемізден батып, сөйте тұра керегіңді таппағандай аласұрып, таным тапшылығын сезінетін әлемдеміз. Талғамымызды да сол ақпарат билеп барады. «Ойбай, анау өйтіп қойды, мынау бүйтіп қойды» дегенге елеңдеп, сол ақпаратқа жанымызды ауыртып, соның жетегінде кетеміз. Жеткен жеріміз, өреміз де осы деңгейде. Тереңнен ойлауға келесі ақпарат кедергі келтіреді. Өзгеше ойлап, өзіңді табудың мүмкіндігі жоқ, ағылған ақпарат уақытыңды алып, басқаша ойлауға мұршаңды келтірмейді. «Ақпараттық мәңгүрттік» деген атау болмаса, енді оны ойлап табу керек шығар.

Мәңгүртке айналуға мидың шаршауы әсер етеді. Бар болмысы сан алуан ақпаратпен уланып, ойы жеті жұртты жағалап кеткен адамның назарын бірден өзіңе аудару мүмкін емес. Үйдегі ұл мен қызың да, жан жарың да басқа ойдың жетегінде, өзгенің тізгінінде, өзгенің тілеуін тілеп, өзгенің жыртысын жыртуға бейім. Білгенге бұл да «диагноз». Оны ғалымдар «ақпараттық шаршау синдромы» деп атапты. Алғаш рет бұл терминді күйзелістің бір табиғаты ретінде қарап, британдық маман Дэвид ­Льюис ұсынған екен. Ол 1996 жылы «Рейтер» британдық ақпарат агенттігі жүргізген бенчмаркингтік зерттеу негізінде ақпараттың шамадан тыс көптігі адамның іскерлік белсенділігін төмендетіп, психикалық ауытқушылықты тудыруы мүмкін екенін дәлелдепті. Ғаламдық шырмау дендей қоймаған сол кездің өзінде-ақ адамның айналасында болып жатқан оқиғаны нақты бағамдап, байыптап, сыни көзбен қарай алмай, жан-жақтан құйылған жаңалықтар ұйқысыздыққа, беймаза қалыпқа түсіретінін айтыпты. Адамның есте сақтау және еске түсіру қабілетіне де зиянын тигізіп, зейіннің төмендеуіне, иррационалды мінез-құлыққа жеткізіп, сырт­қы ақпаратқа жиі алаңдауы еңбек өнімділігінің азаюына әкелетінін анықтаған. Мұның бәрі ақпарат-телекоммуникация инфрақұрылымының әрі қарай дамуы мен жаңғыруына қарай тек күшейе түскеніне көзіміз жетіп отыр.

Ақпарат нөпірінің ауырлығы сонша, оның адамды күйзеліске түсіретіні жасырын емес. Адамның көкірегіне қорқыныш ұялап, мазасы кетуіне ақпарат ықпал етіп жатады. Қарапайым мысал, ғаламтордағы ақпараттың қызығына түсіп, делебесі қозған адам алдымен басына келген асығыс сезімнің әсерімен пікір жазып, біржақты үкімін айтып, іс-әрекетіне есеп бермей, ойсыздыққа жеткізеді. Оның сезімі басқа адамның ашу-­ызасына тиіп, ғаламтор, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар жақ-жақ болып айтысып жатады. Осылайша, бір қазағың жік-жікке бөлініп келеді. Бұл – тұтастығымызға әсер ететін қатерлі құбылыс. Бұдан шы­ғатын қорытынды, ақпарат жағынан сауатты болу қажет екенін байқаймыз. Адам өзіне қандай ақпарат керек, қайсысының артық екенін анықтай білуі шарт. Өзіне керектісін алып, қажет емесін бағамдай алуы тиіс. Мол ақпараттың легін тоқтатып, пайдалысын іріктей біліп, өз қажетіне қарай онымен жұмыс істей білгені жөн. Басқаша болғанда – өмір зая. Ғұмыры сол ақпараттың ізінде өтуі әбден мүмкін...