Ойлы оқырман олжасы

Ойлы оқырман олжасы
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітап-жинағын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға белгілі  мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

          Президенттің 1994 жылдан бергі сөйлеген сөздері, баяндамалары мен ой-толғаулары жинақталған жаңа еңбек жөнінде көкейкесті ойлар айтылды. Еңбектегі әділеттілік, адалдық, мемлекетшілдік, патриотизм және ұлттық бірлік идеялары ортаға салынды. Қазіргі Қазақстанның даму жолы мен болашақ ұрпақ тәрбиесіне қатысты мемлекеттік ұстанымдар сараланды. Басқосуда сөз алған зиялы қауым өкілдері бұл жинақты Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды бағдаршам және әрбір отаншыл азаматтың үстел үстінде жататын құнды еңбегі ретінде бағалады. Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Ерлан Сыдықов, Бақтияр Өнербай, Ғалиасқар Сарыбаев, Қайрат Айтбай, Бауыржан Бабажанұлы, Жанарбек Әшімжан сынды белгілі тұлғалар кітаптың саяси-әлеуметтік және рухани  маңыздылығына ерекше тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олар өзектілігін жоймай күн тәртібінде қалып отырған көкейкесті мәселелерді қозғаған пікірлер бұл кітапта мол екенін тілге тиек етіп, нақты  мысалдармен әдіптеді.  

      -Өздеріңізге мәлім, бұл кітапта Мемлекет Басшысының әр жылдары айтқан саяси-әлеуметтік ойлары мен тұжырымдары, халықаралық қатынастардағы көзге көрінбейтін нәзік мәселелерге байланысты бағалаулар, отыз жылдан аса кезеңде жарық көрген сараптамалық мақалалары, ауқымды сұхбаттары мен кейінгі жылдары сөйлеген сөздеріндегі қадау-қадау саяси, рухани, философиялық ойлары қанатты сөздер ретіеде ойып алынған. Осы кезеңдерде республика аумағында Президенттің осы кітабына қатысты түрлі форматта ауқымды жиындар өтуде. Жалпы алғанда түрлі әлеуметтік орталарда, зиялы қауымның ой-санасында белгілі деңгейде осы кітап туралы ұғым-түсінік қалыптасып үлгерді. Алдағы кезеңдерде жоғары оқу орындарында, кәсіптік білім беру ордаларында, жоғары сынып оқушыларына кітап құндылығы кеңінен насихаттаған абзал. Өйткені, зерделі, мәдениетті, еңбекқор, білімді, заң мен тәртіпке бағынған қоғам қалыптастыруда аталмыш кітаптағы ойлар негізгі лейтмотив болары даусыз,- дейді ғалым, профессор Ерлан Сыдықов.

      Белгілі ақын, Құрылтай депутаты Ж. Әшімжан Президент кітабындағы ұстаздар, ғалымдар мен ғылым, цифрландыру, жастар саясаты, ұлттық құндылықтар жайындағы негізгі тұжырымдары мен пайымдары төңірегінде ой өрбітті. Танымал журналист, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр мемлекеттілігімізді нығайтып, мынау алмағайып заманда тоқырап қалмай алға басудың әдістері мен шарттарын безбендеген ойлар жинақталған кітап ойлы оқырман үшін үлкен олжа екенін сөз кезегі тигенде атап өтті.

   - Елорданың бас басылымы - "Астана ақшамы" газеті соңғы жылдары Мемлекет басшысының өзекті пікірлері мен сөздерін басылымның шпигеліне жариялап жүргенін көзі қарақты оқырман біледі. Бұл - ешқандай тапсырма нұсқаусыз іске асып келе жатқан редакцияның төл жобасы. Бүгін таныстырылымы өткен Мемлекет басшының кітабы осы сияқты қолға алынатын соны жобаларға септігі тиетін, жөн сілтеп, бағдар белгілейтін құнды жинақ. Сөз түзелді, еңсе тіктелді,бағыт-бағдар белгіленді. Ендеше еліміздің алға қарай қарыштауына әрқайсысымыз шын пейілімізбен, жан тәнімізбен үлес қосуымыз керек. Үнсіз қалуға, әрекетсіз отыруға қақымыз жоқ, онда оң өзгеріс орнықпайды. Бұл кітаптан бір түйгеніміз осы,- дейді Е. Қыдыр.

        Белгілі саяси сарапшы, медиа және коммуникация маманы Жандар Асан аталған еңбектің елдік ой мен әділетті қоғам қалыптастырудағы тағылымдық мәніне тоқталды.

        -Бұл кітаптың жай ғана қанатты сөздер жинағы емес, елдің стратегиялық даму бағдары, мемлекетшілдік философиясы мен азаматтық жауапкершілікті тоғыстырған тағылымды еңбек екенін атап өткім келеді. Жинақта ұлт сапасы, Заң мен тәртіп, цифрландыру және жасанды интеллект, ұлттық экономика, халықаралық саясат, жастар саясаты, ғылым мен білім, экология және «Таза Қазақстан» секілді ел дамуының өзекті бағыттары қамтылған. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – бүгінгі Қазақстанның даму логикасын, елдік мұрат пен жауапкершілік құндылығын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек,- деді ол.

        Қоғам назарын аударып, зиялы қауым мен көзіқарақты оқырман тарапынан жоғары бағаланған Мемлекет басшысының бұл еңбегінің мән-маңызы кеңінен талқыланды. Жинақтағы ой-тұжырымдардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны, қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы сараланды.