Астана тұрғындарының саны артқан сайын қаланың әлеуметтік нысандарын көбейтуге айрықша назар аударылып отыр. Бұл ретте медицина инфрақұрылымын дамытуға да мән берілген. Бүгінгі таңда қаланың көптеген ауруханаларында реконструкциялау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Елордада медицина инфрақұрылымын дамытуға бағытталған екі ірі жоба іске асып жатыр. Қазір №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностика кешені мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жапсарлас ғимарат салу және оны реконструкциялау жұмысы аяқталуға жақын. Екінші жоба балаларға шұғыл травматология көмегін көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Жобалар іске асқаннан кейін медицина мекемелерінің науқастарды қабылдау, диагностикалау және шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі артады. Сонымен қатар емдеу процесін тиімді ұйымдастыруға қажетті қосымша жағдай жасалады.
№2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностика кешенін салудағы басты мақсат – аурухананың екі корпусын науқастарды қабылдау, диагностикалау және шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесіне біріктіру. Кешенде заманауи операция бөлмелері, реанимация бөлімі, қарқынды терапия палаталары және науқастарды шұғыл тексеру мен емдеуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Медицина мекемесі жоғары технологиялы жабдықтармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, кешен компьютер және магнит-резонанс томографиясымен, сондай-ақ қан тамырларын зерттеуге арналған ангиографпен жабдықталады. Жобаның негізгі жаңалығының бірі – бірыңғай қабылдау бөлімін ашу. Онда науқастар жағдайының ауырлығына қарай тиісті бөлімдерге жіберілуі ұйымдастырылады. Мұндай тәсіл медицина қызметкерлерінің жұмысын тиімді үйлестіруге, науқастардың жағдайына қарай көмек көрсету кезегін анықтауға, сондай-ақ диагностика және емдеу бөлімдерінің өзара байланысын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа кешен тәулігіне 900-ге тарта науқасты қабылдай алады. Қазір нысандағы құрылыс жұмысы аяқталуға жақын.
Екінші маңызды жоба – Р.Қошқарбаев даңғылы, 64 мекенжайында орналасқан №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жапсарлас ғимарат салу және қолданыстағы нысанды реконструкциялау. Жоба аясында аурухананың ғимараты кеңейіп, балаларды қабылдауға, диагностикалауға және шұғыл көмек көрсетуге арналған қосымша бөлмелер ашылады. Негізгі назар балаларға шұғыл травматология көмегін көрсететін бөлімдердің жұмысын жетілдіруге аударылған. Қайта жаңғырту барысында науқастарды қабылдау және олардың жағдайы мен шағымының сипатына қарай сұрыптау үшін қосымша орындар қарастырылған.
Жаңа нысандар науқастарды дұрыс бағыттап, алғашқы медициналық тексеру мен диагноз қою жұмысын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ балаларға, олардың ата-аналарына және медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалады. Ересектерге арналған қабылдау-диагностика кешенінің құрылысы мен балалар ауруханасының кеңеюі – Астанадағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысының бір бөлігі.
Аталған жобалар ауруханалардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартып, шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндігін арттырады. Нәтижесінде елорда тұрғындарына көрсетілетін медицина қызметінің сапасын жақсарта түсуге мүмкіндік туады.