Бас қалада Tatulyq.kz әлеуметтік жобасының 2026 жылғы жұмыс қорытындысына арналған брифинг өтіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы құндылығын нығайту және қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру бағытында жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды.
Жоба аясында дайындалған материалдар арқылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның салдары, құқықтық жауапкершілік, отбасындағы өзара құрмет пен қауіпсіз қарым-қатынастың маңызы туралы ақпараттар түсіндірілді.
– Елімізде отбасы институтының құлдырауы, отбасы құндылығының әлсіреуі және әртүрлі келеңсіздіктің орын алып жатқаны, оның ішінде адам өлімінің, әсіресе әйелдер өлімінің болып жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Соған байланысты жоба аясында оқиғалардың алдын алу үшін жоспарға сәйкес бірқатар іс-шара өткіздік. Басты мақсат – азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, оларға психологиялық қолдау көрсету және отбасындағы қысымға төзбеу психологиясын орнату. Осы бағытта жастар арасында насихаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Көптеген қаланы аралап, жоба барысында жұмыс жасап келдік, – дейді «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек.
Жиын соңында Tatulyq.kz жобасының 2026 жылғы негізгі көрсеткіштері ұсынылып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланды.