Елордада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Қаныш Сәтбаев және білімді ұлт» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты - академик Қаныш Сәтбаевтың ғылыми және рухани мұрасы негізінде студент жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және «білімді ұлт» идеясын өзекті ету.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының мақсаты мен маңызы, кітап оқу мәдениетін дамыту және ұлттық әдеби мұраны насихаттау мәселелері талқыланды.

Іс-шараны ұйымдастырып, жүргізген Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Астана қаласындағы филиалының «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қанағат Алтайбекова «Кітап – адамзаттың ең асыл қазынасы. Технология қарыштап дамығанмен, осы заманда кітаптың алар орны зор. Ол - біздің рухани азығымыз, өткені мен бүгініміздің алтын көпірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл идеясы мәдени бастама ғана емес, елдің интеллектуалды және рухани қауіпсіздігіндегі маңызды мәселе» деді.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Ә.Бүркітбаев атындағы энергетика және машина жасау институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қасым Елемесов қазіргі заманда техника дамығанымен, жасанды интеллект шығып, телефон арқылы кітап оқуға болғанымен, кітапты қолға ұстап оқудың мән-маңызына тоқталды.
«Өз басым өмір бойы кітап оқумен келе жатырмын. Содан пайда көрмесем, зиян көрмедім. Біздің ғылыми орда, Сәтбаев университетінен де қаншама қаламгер шықты. Ең алдымен Ілияс Есенберлинді айту керек. Бұл кісі қазақ классикасына айналған «Көшпенділер» трилогиясын жазғанын білесіздер. Осы шығарма желісімен кино да түсірілді. Бұл кітапты өзім 4-5 рет оқыдым. Әр оқыған сайын өзіме жаңалықтарды ашып отырдым. Біздің университетті бітірген қаламгердердің қатарында көрнекті ақын Иран Ғайыпты да айтуға болады. Осындай қаламгерлерді біздің студенттер міндетті түрде оқу керек деп есептеймін. Ғалымдардың дәлелдеуінше, кітапты қолға ұстап оқудың пайдасы көлкөсір. Әрине, аудиокітаптар бар. Бірақ кітапты құлақпен тыңдағаннан мида естігеннің 10 пайызы ғана қалатыны айқындалды. Кітап ешқашан өзінің құндылығын жоғалтпайды» деді Қасым Елемесов.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының Астана қаласы бойынша жобалық кеңсесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев алдымен Қаныш Сәтбаевтың елге сіңірген еңбегіне тоқталды. Білім алудың, кітап оқудың, еңбек етудің маңызы жайында әңгімеледі. «Кітап оқу» марафоны аясында ұсыналған еңбектердің бірі америкалық жазушы Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» романының адамзатқа айтарын тарқатты.
«451 – қағаздың жану градусы екен. Бұл кітапта болашақта бүкіл кітап өртеледі, өрт сөндірушілер үйінен кітап табылған адамды жазалайды, білім тек қана жасанды интеллектте болады, бұған келіспеген кейіпкерлер кітаптарды жаттап, ауызша әңгімелеп, бір-біріне таратады деген ой айтылады. Былайша айтқанда, кітаптың құндылығын насихаттайды» деді Жақсыбай Боранбаев.

Іс-шарада Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Астана қаласындағы филиалының студенттері Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасы туралы баяндамалар оқыды. «Қаныш Сәтбаев және білімді ұлт», «Сәтбаев мұралары және білімді ұрпақ мәселелері», «Қаныш және ғылыми майдан», «Бір кітап - мың ой» тақырыптары бойынша ой-пікірлер ортаға салынды. Қонақтар, оқытушылар мен студенттер арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, кітап оқудың тұлғалық және кәсіби дамуға, ғылыми дүниетанымды қалыптастыруға қосатын үлесі талқыланды. Қатысушылар жастар арасында кітап оқуды насихаттайтын жаңа бастамалар бойынша ұсыныстарын айтты.
Аманғали Қалжанов