Мәди Хасенұлы: тағылымды ғұмыр, өшпес мұра

Мәди Хасенұлы: тағылымды ғұмыр, өшпес мұра
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының Мемлекеттік архивінде көрнекті қаламгер, журналист Мәди Хасенұлының туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтті., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Мәди Хасенұлы: тағылымды ғұмыр, өшпес мұра» атты тағылымды басқосуға қаламгердің ұрпақтары, шәкірттері, замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті.

Кездесу барысында қаламгердің журналистика мен әдебиеттегі еңбегі, қазақ мектептері мен тіл мәселесіне, ауыл өміріне қатысты азаматтық ұстанымы сөз болды. Архив арнайы әзірлеген деректі бейнеролик арқылы Мәди Хасенұлының өмірі мен шығармашылық жолы көпшілік назарына ұсынылды.

Алғашқы болып сөз алған Мәди Хасенұлымен әріптес болған Марат Дәдікбай қаламгердің журналистік және жазушылық қырына тоқталып, «Қиянат» романының жазушы көзі тірісінде жарық көрмегенін, кейін оқырманға жол тарту тарихын әңгімеледі.

Қаламгердің шәкірті Мұратбек Тоқтағазин Мәди ағаның ықпалымен журналистикаға келгенін, ұстазының бағыт-бағдарымен қаладағы тіл мәселелеріне араласа бастағанын еске алды. Жиені Көшек Қайырбайұлы Сәменов ағасының қолында тәрбиеленіп, Астанада білім алған жылдарын, Мәди ағаның шаңырағында Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек секілді әдебиет алыптарының әңгімесін тыңдаған сәттерін тебірене жеткізді.

Ал ағасының ұлы Жанғали Сағди Хасенов қаламгердің тың тақырыбына арналған «Тайталас» сынды шығармаларындағы кейіпкерлердің прототиптері өзі туып-өскен Зеренді өңірінің адамдары екенін айтып, олардың кейбірі әлі күнге дейін өмір сүріп жатқанын жеткізді.

Кезекті сөз алған қаламгердің бауыры Еркін Шахманұлы Баймурзин мен жиені Сүлейменова Әсия Тоқтауылқызы да Мәди Хасенұлының өмірі мен адамдық болмысына қатысты естеліктерімен бөлісіп, оның отбасындағы орны мен жақындарына жасаған қамқорлығын еске алды.

Мәди Хасенұлының ұлы Алмас Хасенов пен қызы Айнаш Хасенова әкелері туралы естеліктерімен бөлісіп, оның жақындарына жасаған қамқорлығы мен шапағатын әлі күнге дейін сезініп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ әкелерінің есімін ұлықтап, рухани мұрасын насихаттағаны үшін Астана қаласының Мемлекеттік архивіне алғыстарын білдірді.

Кездесудің тағы бір маңызды нәтижесі – қаламгердің ұрпақтары Мәди Хасеновтың архивтік қорын толықтыру мақсатында отбасылық мұрағатта сақталған құжаттарды архивке ұсынды. Бұл құжаттар қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолын тереңірек зерттеуге, оның мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.