Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді

Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді
фото: primeminister.kz

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 193 елдің ішінде 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары VH рейтингілік тобына енді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл топқа электрондық үкіметі барынша дамыған 21 мемлекет кіреді. Енді Қазақстан Корея Республикасы, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ сияқты елдермен бір қатарда тұр. 2026 жылы VH тобына алғаш рет үш мемлекет – Қазақстан, Ирландия және Польша енді.

Соңғы екі жылда Қазақстан рейтингте сегіз сатыға жоғарылап, 2024 жылы өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапонияны басып озды. Қазақстанның индекс көрсеткіші 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675. БҰҰ баяндамасында Қазақстанның бұл нәтижесі рейтинг көшбасшылары арасындағы ең елеулі өсімдердің бірі ретінде аталған. Сонымен қатар цифрлық мемлекет құрудың танылған үлгісі саналатын Эстониямен арадағы алшақтық екі жыл ішінде төрт есе қысқарған.