Киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілуде

Киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілуде

Елорда полициясы ата-аналар мен оқушылар арасында киберқылмыстың алдын алу шараларын күшейтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қазақстанда жарияланған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада киберқылмыстың алдын алу жұмыстары жандана түсті. Елорда полициясы интернет-алаяқтықтың және цифрлық қылмыстардың өзге де түрлерінің алдын алу бағытында белсенді жұмысын жалғастыруда. Бұл мақсатта ақпараттық кездесулер, дәрістер мен профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Осындай кезекті іс-шара Астана қаласындағы Д. Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушыларының ата-аналарымен кездесу болды. Дәріс «Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау және цифрлық кеңістікте өзіңізді әрі балаларыңызды қорғау жолдары» тақырыбына арналды.

Мұндай кездесулердің маңызы зор, себебі олар азаматтарды алаяқтардың жаңа айла-тәсілдері туралы дер кезінде хабардар етуге, цифрлық сауаттылықты арттыруға және интернетте қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, қаланың басқа да білім беру ұйымдары мен қоғамдық алаңдарын қамтитын болады.

Полиция ескертеді: күмәнді қоңыраулар, хабарламалар немесе сілтемелер келген жағдайда жеке деректерді, банк карталарының реквизиттерін және растау кодтарын беруге болмайды. Күмән туған кезде дереу полицияға жүгіну қажет.