Шет елде жұмысқа орналастырамын деп алдаған күдікті ұсталды

Шет елде жұмысқа орналастырамын деп алдаған күдікті ұсталды
фото: polisia.kz

Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері азаматтарды шет елде жұмысқа орналастырамын деп алдаған күдіктіні ұстады,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде шетелде жоғары жалақылы жұмыс ұсынатыны туралы хабарландырулар жариялаған. Ол хабарласқан азаматтарға жұмыс тауып беруге, виза рәсімдеуге, қажетті құжаттарды дайындауға және жұмыс берушімен келіссөз жүргізуге көмектесетінін айтып, сенімдеріне кірген. Алайда уәде етілген қызметтерді орындамай, жәбірленушілерден алдын ала ақша алып отырған.

Анықталғандай, жәбірленушілердің бірі оған 800 мың теңге берген. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас тәсілмен 100-ден астам азаматты алдағаны анықталды. Тергеу барысында басқа да жәбірленушілер анықталуда, келтірілген материалдық шығын көлемі нақтылануда. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция азаматтарға шетелде жұмысқа орналастыру бойынша ұсыныстарға сақтықпен қарауды, жұмысқа орналастыру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың заңдылығын тексеруді және қызмет көрсетілмей тұрып ақша аудармауды ескертеді.