Жақында әлеуметтік желіні шарлап отырып, журналист, жазушы Гүлжан Амангелдіқызы Facebook-ке салған бейнежазбаға назарым ауып, тыңдадым. Қаламгердің ұлы Нұрсұлтан «Қоңыр» күйін шертіп отырған бұл бейнежазбада «Мағауия Хамзиннің нұсқасы» деген анықтама бар екен. «Бұл қандай нұсқа?» деп ғаламтордан іздемеймін бе, содан «Алтын қор» порталындағы бейнежазба алдымнан шыға келді. Мағауия Хамзиннің аталмыш күйді шерткенін көріп, айызым қанып, күйшіге қатты риза болдым.
Анығын айтқанда, Әбікен Хасеновтің шығармашылығындағы жалғыз авторлық туындысы «Қоңыр» күйін талай күйшінің орындауында тыңдадым. Бірақ ешқайсысы Мағауия Хамзин бұл күйді шерткендей әсерге бөлемеді. Мағауия ақсақалдікі нағыз классика екен.
Мен өзі белгілі бір тұлғаға қатысты кейде айтылатын «Ұлы» деген сөзді қолдана қоймаймын. Оның себебі, кейбір адамды «Ұлы» деп атап, артық кетіп жататын тұстарымыз көп. Мұны жөн-жосығымен айту керек деп есептеймін. Ал Мағауия Хамзин – ұлы күйші дегім келіп отыр. Бұған көбісі келіседі деп ойлаймын.
Этнографтардың этнографы, күй білгірі Ақселеу Сейдімбектің «Шынның жүзі» хабарында Қасым Аманжолға берген сұхбатының бір жерінде: «Біздің ауылдың ең нашар күйшісі Мағауия Хамзин болатын. «Осы бала домбыраны мандолин қып жіберді» деп шалдарымыз менсінбей отыратын» деп айтқаны бар. Сонда «Ең нашары Мағауия болса, қалғандары қандай еді?» деген заңды сұрақ туады.
«Қоңырға» қайтып оралайын. Күйші, өнер зерттеушісі Рүстем Нұркеновтің «Қоңыр» күйі өзі трагедия еді, Мағауия қайғы үстіне қайғы қосып шертіпті» деп жазғаны бар. Бұл пікірімен толық келісемін. Бұған қосарым, Мағауия «Қоңырды» сөйлеткен-ақ екен, шертісінен мұң-шер төгіліп тұр (бұл күйдің шығу тарихы бөлек әңгіме). Белгілі ақын Бағдат Мүбарак «Хамзинің күйлері мұңайтады» деп жырласа, мен Хамзиннің күйлері тек мұңайтпай, санаға сәуле түсіреді дегенді қосар едім.
Айтпағым, келесі жылы Мағауия Хамзиннің туғанына 100 жыл толады. Қазірден қамданып, ғасырлық мерейтойын Қарағанды облысына, күйші туған Ақтоғай ауданына, Балқаш қаласына (осы қалада Мағауия Хамзин атындағы металлургтер мәдениет сарайы бар) ысыра салмай, ел көлемінде, тіпті әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өту керек.
Бертінде Қыдырәлі Болманов құрған «Ұлытау» тобының домбыра, скрипка, гитараның қосындысымен орындалған Еуропаның танымал туындыларына тамсандық. Ал Мағауия Хамзин өз кезінде солардың біразын бір домбырамен-ақ жеріне жеткізе шерткен. Бұл жағдай күйшінің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге үлкен себеп. Оның үстіне Мағауия Хамзин қырық жасында Ермек Серкебаев екеуі Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО-1967» көрмесіне қатысып, қазақ өнерін асқақтатып қайтты. Сондықтан келесі жылы ғасырлық мерейтойын лайықты атап өткен жөн. Бұл Мағауия Хамзинге ғана емес, қазақтың күй өнеріне көрсетілген құрмет болар еді.