Астанаға Aқжайықтан ақын келді

Астанаға Aқжайықтан ақын келді

Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бауыржан ­Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» атты шығармашылық кеші өтті.

Поэзия мен әуенді тоғыс­тырған тағылымды кештің тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіп ұстады. Кеш барысында ақынның шығармашылық жолы, азаматтық болмысы мен әдебиет пен өнерге қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Ақынның жырларынан туындаған әндер кештің негізгі арқауына айналды. Сахна төрінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Марат Халиуллин және республикалық конкурстардың жеңімпазы Мирлан Жамбылов өнер көрсетті. Орындаушылар Бауыржан Халиолланың сөзі мен әніне жазылған туындыларды нақышына келтіре орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, талай таланттың ұстазы Жүрсін Ерманға Бауыржан Халиолла шапан жауып, домбыра сыйлап, қазақы дәстүрмен ілтипатын білдірді.

Бұл кеш Бауыржан Ергенұлының шығармашылық әлемін кеңінен танытып қана қоймай, оның әдебиет пен өнердегі өзіндік қолтаңбасын тағы бір мәрте айшықтады.