Қазақстанның құрметті журналисі Базаркүл Үмбетовамен сұхбат
...Біз ХХ ғасырда сол заманғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай тәмамдадық. Негізі, біздің курс – құтты курс. Дені – баспасөздің оң-солы мен ұңғыл-шұңғылын танып қалған, өздері еңбек етіп жүрген газет-журнал редакцияларының белді қызметкерлері.
Ортамызда Жезқазғаннан келген, мектепті сол жылы ғана бітірген, қашан көрсең жайраңдап жүретін ең кішкентайымыз, еліктің лағындай Базаркүл Үмбетова да бар. Құлағының түбінен қырқып қойған қылтиған қысқа шашы біз курстан-курсқа көшкен сайын ұзарып өсіп, алтыншыны аяқтағанда белден асып, балтырына жетеғабыл, тоқпақтай бұрымға ұласты. Бүгінде журналистиканың жампозына айналған Базаркүл – баспасөз бақшасының бір бағбаны.
– Әдетте, мектепті жаңа бітірген жас түлек жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқығанды қалайды. Ал сен не себепті сырттай оқығың келді?
– КазГУ-дің журналистика факультетінде оқимын деп талаптанып келгенімде, нақ осы мамандыққа оқуға құжат тапсыру мерзімі аяқталып қойған екен. Қабылдау емтиханының алдында өтуге тиісті шығармашылық байқаудан кешігіп қалыппын. Сондықтан құжаттарымды тарих факультетіне өткіздім. Емтихандардан ойдағыдай баға алып, енді конкурсты күтіп жүргенімде, журналистиканың сырттай бөліміне құжат қабылдау жүріп жатқанын естіп, сонда ауыстым.
Мен мамандығымды дұрыс таңдадым деп санаймын. Оқуға түсіп барғаннан кейін облыстық телевидениеге режиссердің ассистенті ретінде жұмысқа қабылдандым. Кейін тілші болып, балаларға арналған «Жеткіншек» хабарын қолға алдым. Республика бойынша алғашқылардың қатарында ашылған Жезқазған облыстық телеарнасының аудиториясы аймақ деңгейінде болғанымен, рейтинг жағынан көш бастап тұратын. Дәл осы қара шаңырақ, өңір журналистикасының ұстаханасында еңбек жолым басталды. Араға бір жылдан аса уақыт салып, 1986 жылы облыстық радионың жаңадан ашылған жастар редакциясына жұмысқа ауыстым. Төрт жылдан кейін телеарнаға қайта оралдым. Мұндағы мақсат – радиода нығайған жастар хабарын телеарнада да орнықтыру. Алғашқы хабарымның аты – «Қамшы». Одан кейін де бірнеше сәтті хабарлар жасадым, облыс аумағында әжептәуір танымал тележурналиске айналдым.
– Жезқазғанға танымал тілшінің Астанаға ауысуына не себеп болды?
– Бұл елде де, әлемде де үлкен өзгерістер туындап, қоғам құбыла бастаған кез еді. Соған орай, жүйелер де, талаптар да өзгерді. Замананың лебімен өз елімізді ғана емес, Одақты мыспен қамтып отырған Жезқазған облысы ойламаған жерден 1997 жылы жабылды. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Тіршілікке күнкөріс, күнкөріске кәсіп іздеп біз де, тележурналистер, төрт құбылаға тарадық. Алматыдан Ақмолаға астанамыз ауысқан жылы мен де қоныс аудардым. Ол кезде Қазақ теледидарының Астана студиясы енді қалыптасып жатқан. Комментатор болып жұмысқа қабылдандым. Бас директорымыз – Алдан Смайыл. Алғашында республикаға таралатын «Отандастар» телехабарының орысшасын Дүкеш Бәйімбетов, қазақшасын мен жүргізе бастадым. Қос палаталы Парламенттің жалпы отырыстарынан жаңалықтарға бейнесюжет, «Көзқарас» ақпарат-сараптамалық бағдарламасын дайындадық. Еліміздегі тарихи, киелі жерлер туралы «Атамекен» тарихи-танымдық хабарын жүргіздім. Бұл біліктілігімді шыңдаған, кәсібилігімді жоғары деңгейде көрсете алған бірден-бір сәтті жоба болды деп есептеймін.
– Біраз жұмысты бастадың, жүргіздің. Ал енді үлкен ой-мақсатыңды салған, бірақ экранға шықпай, көрерменге жетпей, «жөргегінде тұншыққан» жобаң болды ма?
– Болды-ы-ы. Амал қанша, «ханның қызын» былай қойғанда, ондай-ондай қалыптасқан журналистің жолында да кездеседі екен. Бар қазақтың Төрегелдісі, қазақ деп шыр-пыр етумен өткен Төрегелді Шарманов туралы тамаша бір хабар болады деп ойлаған жобамды ынты-шынтыммен қолға алып едім. Мен қарабайыр, жаттанды, кезекті нәрсе емес, ол кісінің ойына, ілім-біліміне, өмір бойы атқарып келе жатқан ауқымды қызметіне лайықты толымды дүние дайындағым келген. Адамға алғашқы медициналық жәрдем көрсетуден бастап әр қазақтың дұрыс тамақтануына дейін қамқорлық жасап жүрген академиктің жоғары кәсіпқойлық қызметінен бастап, кейінгі толқын жас буынға аталық һәм адамгершілік көмек көрсету жолында кісілігін де, қаржысын да, күндіз күлкісін, түнде ұйқысын сарп еткенін фильм сипатты деңгейде түсіруді мақсат еттік. Сол уақыттағы «Қазақстан РТРК» АҚ төрағасы, арда азамат Ғалым Доскеннің бастамасымен, Астанадағы басшым Серік Салиевтің қолдауымен қолға алынып, сценарийі жазылып, академиктің алдына тартқанымызда, ол кісі ризалықпен келісімін берген. Әсіресе, Төрегелді аға Қарағанды медицина университетіндегі студенттерге өзінің «Тарлан» сыйлығынан алған қаржысынан стипендия тағайындаған. Ол қаражат таусылғанда, жас балалардың ынтасы үшін өз қалтасынан төлеп отырған. Студенттер академик аталарымен кездесіп, танысқысы келгенде, бұл кісі бас тартқан. Себебі «олар менімен кездессе, өздерін маған қарыздар сезініп қалады» деді. Жауапкершілігі сондайлық, сценарий бойынша фильмге түсуге тиісті болған, Америкада тұрып жатқан немерелерін арнайы шақыртқан еді... Міне, сол іске аспаған сценарийдің жобасы сап-сары қағаз болып қолымда қалды. Басшылық ауысып, түсірілім кейінге ысырыла-ысырыла, мүлде қозғаусыз жатты.
Ең өкініштісі – мен Жезқазғанда тарихи тұлғалар туралы жасаған 30-ға жуық телехабар, оның ішінде Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев секілді қырандар мен сұңқарлар жайлы дүниелер. Әлімхан Ермековтің немере қарындасы Лиза Ермекова Жезқазғанда тұрған. Жолдасы Қалкен Мәкенбаев Алаш ардақтылары туған Ақтоғайда дүниеге келген зиялы жан еді. Бұл хабарға арнайы Ақмолада тұратын Нөгербек Мағзұмов ағаның жеке архивінде сақталған Әлімхан Ермековтің үнтаспадағы дауысы, яғни Лениннің алдында қазақ шекарасын белгілеу үшін кездесуі жайлы айтылған үзігі пайдаланылған. Кейін ол үнтаспаны Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын» бағдарламасында эфирге шығардық, бір кездері әлеуметтік желіде Әлімхан Ермековтің дауысы жазылған үнтаспаны таптық деп жар салғандар да болды. Ең алғаш «Тәбәрік» атты авторлық бағдарламамды сол кезде Жаңаарқа ауданында тұрған Бейімбет Майлиннің қызы Рәзия Майлинамен сұхбаттан бастаған едім. Міне, сол тарихи тұлғалар туралы жасағандарымның бірде-бірі сақталмаған, жойылып кетті. Тіпті астанаға ауысқаннан кейін түсірілген Қажымұқан Мұңайтпасов, Мәшһүр Жүсіп туралы хабарларымның да түпнұсқасы жоқ...
Журналистік жолымның 40 жылдан астамының жартысы радиода, жартысы телеарнада өтіпті. 2001 жылдың күзінде Қазақ радиосының Астана редакциясына жұмысқа ауыстым. Елорданың үні болған «Астана» радиосының бас редакторы болып 16 жыл табан аудармай қызмет еттім. 11 жыл бойы – 2006 жылдан 2017 жылға дейін әуе толқынына 30 мыңдай саны шыққан «Мен қазақпын» ақпарат-танымдық, ойын-сауық бағдарламасының авторы әрі жетекшісі болдым. Көңіліме бір медеу боларлығы, осы бағдарламаның бірнеше шығарылымының сұхбаттарын топтастырып, 2011 жылы «Мен қазақпын» жинағын шығардық. Бұл бұған дейінгі із-түзсіз жойылып кете берген дүниелерімнің орнын толтырған, қателіктерімнен сабақ алған жеңіске пара-пар оқиға дер едім. Ал 2017 жылдың күзінде радиодағы қызметімнен өз еркіммен қоштасып, жас журналист Әйгерім Біләловамен бірге qazir.kz сайтын аштық.
– Астанада жұмыс істеп жүргеніңде «Алтай-Дунай» халықаралық этнология экспедициясына қатыстың. Оның бастамашысы кім болды, мақсаты қандай еді?
– Бұл жобаны «Ұлытау» қоғамдық қозғалысының демеушілігімен қолған алған – Алихан Байменов, ал жетекшілік еткен – өлкетанушы Бахтияр Қожахметов. Еуразия кеңістігіндегі ұлттар мен мемлекеттердің тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тұрмысын зерттеп, 13 сериялы фильм түсірдік. Ұзақ жолды түйемен жүріп өттік, 5 мемлекеттің шекара сызығынан астық.
– Астанадан кейін өзің ұшқан ұяңа, Жезқазған қалалық телеарнасына қайта оралдың. Сәтін салғанда, көп ұзамай бұрын жабылған Жезқазған облысы Президент пәрменімен Ұлытау облысы болып қайта ашылды. Телеарна ауқымының кеңеюіне бар шеберлігің мен ықыласыңды салдың...
– Араға 25 жыл салып, 2021 жылдың 29 қазанында Жезқазғандағы телеарнаға қайта келдім. Өйткені сол мекемені 5 жылға сенімгерлік басқаруға алған азаматтар маған қолқа салды. Техникалық, шығармашылық іс-шараларды еңсеріп, Тәуелсіздік күні жаңа форматпен эфирге шықтық. Бағымызға орай, жарты жыл уақыт өткен соң Ұлытау облысы құрылды. Жаңа облыспен бірге телеарнаны да дамытуға мүмкіндік туды.
– Жезқазғанға барғаннан кейін, өз кәсібіңнен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араластың. Бұл, сонда, кезінде телеарнада, әуе толқынында шыққан хабарларда қаузалған өзекті мәселелерді қоғамдық сипатта іске асырудың көрінісі ме?
– «Байтақ» жасылдар партиясы Ұлытау облыстық филиалын басқардым, облыстық мәслихат депутаттығына сайландым, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрайымы болдым. Бұл – кезінде «Қамшы», «Мен қазақпын», «Жұмадан жұмаға дейін» хабарларында айтылған, көтерілген ұлттық-қоғамдық мәселелерді сөз жүзінде қалдырмай, нақты іске асырудың бір дәлелі. Өз басым кәсібімді де, қоғамдық жұмысты да шын көңіліммен атқардым.
– Біз өзіңді танып-білгелі әрдайым күлімсіреп, жайдары жүресің. Бұл тәрбиеңнен бе, әлде ата-анаңнан жұққан қасиет пе? Қайсысы басым?
– Мен өскен орта, отбасым – әрқашан күлімдеп, жарқылдап жүретін, мінезі жұмсақ жандар. Әкем Сейітжан – соғыс ардагері. Анам Бидаш жүзінен шуақ төгілген, кісіге жайлы еді. Мен туғанда атымды үйімізді базарға толтырсын, ғұмыры базарлы болсын деп ырымдап Базаркүл қойыпты. Өзге кішкентайлар секілді емес, шат-шадыман, күліп жүретін шуақты бала болып өстім. Осы мінезім өмірімнің өн бойына ұласты, тіршілікте тек қана күліп, көңілді жүруді әдетіме айналдырдым.
Әңгімелескен Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ