Бүгін Құрылтай сайлауында Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орналасқан №1 сайлау учаскесінде "Қызыл кілем"акциясы ұйымдастырылды.
Креативті акция барысында сайлаушылар үшін есік алдына қызыл кілем төселіп, студенттер келушілерді ыстық бауырсақ және шаймен қарсы алды. Әлеуметтік іс-шара учаскедегі көңіл күйдің көтеріңкі болуына септік етуде.

- Бүгін бәріміз еліміз үшін маңызды тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Құрылтай сайлауы алғаш рет өтуде. Осы науқанға біздің оқу орнының 6000-ға жуық студенті қатысу мүмкіндігіне ие. Ал бүгінгі акция мақсаты - осы жастарға және келуші халыққа ерекше әсер қалдырып, лардың қызыл кілеммен жүріп өту арқылы тарихи сәттің маңызын жоғары деңгейде сезінуіне ықпал ету , - дейді университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы.

Сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларды VIP қонақтар ретінде қарсы алып, бұл оларға жағымды, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Сұлтан Ысқақовтың айтуынша, бұл учаскеге 2 462 сайлаушы тіркелген. Түскі 12- ге дейін соның 150- ге жуығы келіп, дауыс берді. Оның ішінде университетте сабақ беретін профессорлар, қызметкерлер, жалпы осы маңда тұратын тұрғындар бар. Сайлаушылар таңнан бері үздіксіз келіп, бауырсақтан дәм ауыз тиюде. Көбі, әсіресе ақсақалдар ұлттық шапандарын киіп, саяси науқанның маңызына ерекше мән беруде.