Әр міндеттің орындалуына жауапкершілікпен қарауымыз керек

Әр міндеттің орындалуына жауапкершілікпен қарауымыз керек
фото: жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады. Онда еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі басты міндеттері айтылып, алдағы уақыттағы маңызды бағыттар белгіленді.

Бұл жолғы Жолдаудың мен үшін орны ерекше. Бұған дейін Президенттің Жолдауларын теледидардан көріп, баспасөзден оқып жүрсем, биылғы Жолдауды Құрылтайдың мінберінде отырып тыңдадым. Ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға қатысатын депутат ретінде оның әрбір сөзіне, әрбір тапсырмасына басқаша көзқараспен қарадым. Өйткені енді мен үшін тыңдап қана қою жеткіліксіз. Айтылған бастамалардың жүзеге асуына өз үлесімді қосуым керек.

Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатына басымдық беруі де маңызды. Заң бәріне ортақ болып, әр азаматтың құқығы қорғалуы керек. Осы бағытта Азаматтық кодексті жаңарту жөніндегі міндеттің маңызы зор. Құрылтай депутаты ретінде бұл жұмысқа азаматтардың мүддесі тұрғысынан қарап, заңдардың қарапайым халыққа түсінікті әрі пайдалы болуына мән беруіміз қажет.

Жолдаудағы тағы бір маңызды бастама – 2027 жылды «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» деп жариялау. Бұл ауылдар мен қалалардың дамуына, жолдардың жөнделуіне, мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандардың салынуына жаңа мүмкіндік береді. Әсіресе ауылдардағы ауызсу, газ, жол және электр мәселелерінің шешілуіне баса назар аудару қажет. Себебі ауылда тұратын азаматтардың да сапалы өмір сүруге, жақсы жағдайда еңбек етуге және балаларын қолайлы ортада тәрбиелеуге толық құқығы бар.

Менің ойымша, кез келген бастаманың нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Салынған жол тұрғынның жүріп-тұруын жеңілдетсе, жаңа нысан елдің қажетіне жараса, қабылданған заң азаматтың құқығын қорғаса, сонда ғана атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі болады.

Елдің дамуы бір адамның немесе бір мекеменің жұмысына ғана байланысты емес. Ол баршамыздың ортақ еңбегімізден қалыптасады. Мемлекет нақты міндеттер қойса, біз сол міндеттердің орындалуына жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Халықтың сенімі сөзбен емес, іспен ақталады. Сондықтан ел игілігіне бағытталған әрбір бастаманың жүзеге асуына үлес қосып, өңіріміздің дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатының артуы үшін еңбек етуге тиіспіз.

Ербол Данағұлов,

Құрылтай депутаты