Алаштанушы – абырой биігінде

Алаштанушы – абырой биігінде

Белгілі алаштанушы-ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы Түркияның Аланья қаласында өткен халықаралық марапаттау рәсімінде ғылым саласындағы «Küresel Bilim Ödülü» (Global Elm Award) сыйлығымен марапатталды.

Марапаттау рәсімі 9 қараша күні Дүниежүзілік журналистер кеңесінің (Küresel Gazeteciler Konseyi) VI мәжілісі аясында ұйымдастырылған «Küresel Başarı Ödülleri» (Ғаламдық жетістік сыйлығы) салтанатында өтті.

Халықаралық жиынға Косовоның бұрынғы президенті Вьоса Османи, Түркия футболының аңызы, жаттықтырушы Фатих Терим, TRT Avaz телеарнасы мен Corendon Airlines компаниясының өкілдері, сондай-ақ 32 елден келген 350-ге жуық журналист қатысты. Салтанатты кеште Қазақстан атынан қатысқан Сұлтанхан Жүсіп ғылым саласындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл марапат – ғалымның Алаш қозғалысының тарихын зерттеуге, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының мұрасын зерделеп, тарихи ақиқатты қалпына келтіруге сіңірген көп жылғы еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуы.

Сұлтанхан Жүсіп – Алаш тарихын зерттеуге бірнеше онжылдық ғұмырын арнаған көрнекті ғалымдардың бірі. Ол Ресей, Беларусь, Чехия және Қазақстанның мұрағаттары мен кітап­ханаларында, музей қорларында ғылыми ізденістер жүргізген. Зерттеу жұмысы барысында КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, Ресей Федерациясы Федералдық қауіпсіздік қызметінің, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат материалдарын зерделеген.

Ғалымның осы жылдардағы табанды ізденісінің нәтижесінде Алаш қозғалысының тарихына қатысты көптеген құнды дерек ғылыми айналымға енді. Әсіресе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдық-­саяси қызметіне қатысты мұраларды жинақтап, жүйелеуге айрықша үлес қосты. Осылайша, ел тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға және ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға еңбек сіңірді.

Аланьядағы халықаралық жиында қазақ ғалымының есімі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, дипломаттармен, мәдениет пен спорт өкілдерімен қатар аталды. Бұл – отандық ғылым жетістігінің ғана емес, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының халықаралық деңгейде танылуының көрінісі.

Айта кетейік, «Küresel Başarı Ödülleri» сыйлығын Дүниежүзілік журналистер кеңесі Ысмайыл Ғаспыралы атындағы академия қорымен бірлесіп тағайындаған. Бұған дейін аталған марапатқа Қазақстаннан қоғам және мемлекет қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов (2022), тұңғыш қазақ ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров (2024), сондай-ақ белгілі күйші, өнертанушы, профессор Жанғали Жүзбай (2025) ие болған.