Көптен күткен Жолдау көңілімізден шықты. Экономика мен әлеуметтік салаға қатысты көптеген бастама айтылды. Соның ішіндегі ең маңыздысы – әлеуметтік әділдік мәселесі деп есептеймін.
Атап айтқанда, Президент мемлекеттік көмек шын мұқтаж жандарға ғана берілуге тиіс екенін баса айтты. Меніңше, әлеуметтік әділдік дегеніміз де осы.
Мойындау керек, әлемде мемлекеттік көмек берудің бәріне бірдей мінсіз тәсілі жоқ. Әр ел өз қоғамына қолайлы, барынша әділетті жүйе қалыптастыруға тырысады. Өйткені мұқтаждықты анықтау оңай шаруа емес. Мысалы, адам аз жалақы алса да, баспанасы, қосымша мүлкі немесе басқа да кіріс көзі болуы мүмкін. Керісінше, ресми табысы орташа адамның мойнында несие, асырауындағы балалары немесе күтімді қажет ететін жақындары болуы ықтимал. Яғни, отбасының нақты жағдайын жалақысына ғана қарап бағалау жеткіліксіз.
Оған қоса, адамдардың тұрмыс деңгейі мен күнделікті шығыны да әртүрлі. Қаладағы пәтер жалдау ақысы мен ауылдағы шығынды бір өлшемге сала алмайтынымыз тағы белгілі. Кейбір азаматтар табысын ресми көрсетпесе, енді біреулер бюрократиялық кедергілерге байланысты өзіне тиесілі көмекті алмай қалған жағдайлар кездеседі. Сондықтан бәрін әділ бағалайтын жүйе оңайлықпен құрылмайды.
Бірақ басы ашық мәселе, мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж адамның қолына жетуге тиіс. Бюджет қаражаты бәріне бірдей үлестірілетін сыйлық емес. Сондықтан көмекті қажет етпейтін азаматтарға негізсіз төлем жасау да, көмекке зәру отбасыларды назардан тыс қалдыру да әділетсіздік. Оның үстіне, әлеуметтік қолдау адамды мемлекетке тәуелді етпей, керісінше, өз аяғына тұруына мүмкіндік жасайтын тетікке айналуы қажет.
Осы тұрғыдан қарасақ, Президенттің Жолдаудағы ұстанымын құптауға болады. Тоқаев бұрын әлеуметтік төлемдерді көбейту арқылы кемшіліктерді бүркемелеу тәжірибесі болғанын ашық айтты. Соның кесірінен мемлекеттің қаражаты тиімсіз жұмсалған. Яғни, әлеуметтік төлем қанша мәрте көбейтілсе де, әлеуметтік әділдік орнаған жоқ.
Маған Президенттің бұл мәселені асығыс шешуге болмайтынын ескерткені де ұнады. Тоқаев әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелерді мұқият тексеріп, әуелі пилоттық режимде сынауды ұсынды. Сосын тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кеңінен енгізу қажет деп отыр. Меніңше, бұл – орынды талап. Себебі жүйедегі бір қате мыңдаған отбасының өміріне әсер етуі мүмкін. Бұл жерде мәселе қаражат үнемдеу емес, шын мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету. Мемлекет басшысының әлеуметтік саясатты қайта қарау туралы ұстанымы да осыған саяды.
Қазбек Майгелдинов,
саясаттанушы