Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдаудағы маңызды бастамалардың бірі – 2027 жылдан басталатын ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыруға «Халықтық құрылыс» деген атау беру. Бұл бастама әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуға, елді мекендердің тұрмыс сапасын жақсартуға және ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді өсуіне қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірін қамтитын жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуге тиіс. Жоспар аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу, көлік инфрақұрылымын дамыту көзделген. Президенттің айтуынша, «Халықтық құрылыс» ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналуы мүмкін.
Менің пайымдауымша, бұл бастаманың стратегиялық мәні құрылыс көлемімен немесе игерілген қаражатпен ғана өлшенбейді. Оның негізгі міндеті – экономикалық өсімнің нәтижесін азаматтардың күнделікті өмірінде сезілетін нақты игілікке айналдыру. Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы ғана емес, экономикалық мүмкіндіктерді қоғамдық әл-ауқатпен ұштастыратын маңызды мемлекеттік бағдар ретінде қарастырылуы тиіс.
2026 жыл Қазақстанның мемлекеттілік тарихындағы маңызды белестермен ерекшеленеді. Биыл Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 36 жыл, ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңға 35 жыл толып отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттіліктің құқықтық және институционалдық негіздерін қалыптастыру, саяси дербестікті нығайту және нарықтық экономикаға көшу міндеттері алдыңғы орынға шықты. Кейінгі жылдары ұлттық экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа елорданы қалыптастыру және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту бағыттары басымдыққа ие болды.
Осы тарихи кезеңдерде жинақталған экономикалық және институционалдық әлеует бүгінгі даму міндеттерін шешуге негіз болып отыр. Ендігі маңызды мәселе – қол жеткізілген нәтижелердің азаматтардың тұрмыс сапасына қалай ықпал ететінін бағалау.
Экономиканың көлемі, инвестиция тарту, өндірістік әлеует пен қаржылық резервтер мемлекеттің даму мүмкіндіктерін сипаттайтын маңызды көрсеткіштер екені сөзсіз. Сонымен бірге қоғамдық әл-ауқаттың күнделікті өмірден көрінетін нақты өлшемдері бар. Олардың қатарында сапалы ауыз суға, қолжетімді медициналық көмекке, заманауи білім беру ортасына, қауіпсіз жолдарға және тұрақты коммуналдық қызметтерге қол жеткізу мәселелері ерекше орын алады.
Сондықтан тәуелсіздіктің экономикалық жетістіктерін бағалауда олардың әлеуметтік қайтарымына айрықша мән берген жөн. Егемендіктің игілігі әрбір отбасының тұрмысынан, әрбір елді мекеннің дамуынан және азаматтардың болашаққа деген сенімінен көрініс тапқанда ғана мемлекеттік дамудың нәтижесі толық сезіледі.
Жолдауда инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделетіні айтылды. Сонымен қатар 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге қарастыру қажеттігі атап өтілді. Мұндай ауқымды қаржыландыру Ұлттық қор ресурстарын пайдалану тиімділігіне қатысты жауапкершілікті де арттырады. Қор қаражатын инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау ағымдағы қажеттіліктерді өтеумен шектелмеуі керек. Ол ұзақ мерзімді экономикалық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға, өңірлердің өндірістік әлеуетін күшейтуге және халықтың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Басқаша айтқанда, Ұлттық қордың қаржылық ресурстары елдің болашақтағы экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін материалдық және әлеуметтік капиталға айналуы қажет. Бұл ретте әрбір жобаның экономикалық және әлеуметтік тиімділігі, нақты сұранысқа сәйкестігі, сондай-ақ нысандарды кейінгі пайдалану мен күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар алдын ала бағалануы маңызды.
Инфрақұрылымдық инвестициялардың ерекшелігі – олардың қайтарымы әрдайым тікелей қаржылық табыспен өлшенбейді. Мәселен, ауылға тартылған ауыз су желісі немесе салынған медициналық нысан коммерциялық пайда әкелмеуі мүмкін. Алайда олар халықтың денсаулығын жақсартуға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және аумақтың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Сондықтан мұндай жобалардың тиімділігін бағалағанда қаржылық көрсеткіштермен қатар, әлеуметтік және экономикалық нәтижелер де ескерілуге тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бастамасының табысы бөлінген қаражат көлемімен емес, оның елдің ұзақ мерзімді даму әлеуетіне қосқан үлесімен айқындалуы керек.
Бастаманың мазмұнын өзара байланысты үш бағыт арқылы қарастыруға болады. Біріншісі, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру. Жолдауда өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысын бастау жоспарланғаны айтылды. Бұл жобалар медициналық қызметтің қолжетімділігін кеңейтуге, білім беру мүмкіндіктерін арттыруға және жергілікті қауымдастықтардың қоғамдық өмірін жандандыруға бағытталған.
Екіншісі, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз ету. Ауыз су, газ, жылу және коммуналдық желілер халықтың тұрмыс сапасына ғана емес, кәсіпкерліктің дамуына да тікелей әсер етеді. Олардың үздіксіз жұмыс істеуі елді мекендердің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың қалыпты қызметіне жағдай жасайды.
Үшіншісі, өңірлік экономиканың белсенділігін күшейту. Құрылыс жобаларына жергілікті шағын және орта бизнес субъектілерін тарту жұмыспен қамтуды арттыруға, кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін кеңейтуге және өңір ішіндегі экономикалық айналымды жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық құрылыс материалдарын өндіру, инженерлік қызметтер көрсету және сервистік кәсіпкерлікті дамыту үшін қосымша сұраныс қалыптасуы ықтимал. Аталған бағыттар бір-бірін толықтырады. Әлеуметтік инфрақұрылым адам капиталының дамуына жағдай жасаса, инженерлік желілер экономикалық қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ал жергілікті кәсіпкерліктің дамуы инвестициялардың өңір ішінде көбірек экономикалық әсер қалыптастыруына мүмкіндік береді. Демек, «Халықтық құрылысты» жекелеген ғимараттар мен жолдар салу науқаны ретінде емес, әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтіп, өңірлік экономиканы жандандыруға бағытталған өзара сабақтас инфрақұрылымдық бағдарлама ретінде қарастырған жөн.
Инфрақұрылым экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндірістік әлеуетін кеңейтудің маңызды факторы. Сапалы жолдар, сенімді энергетикалық және коммуналдық желілер, заманауи логистикалық орталықтар инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және Еуропа мен Азия арасындағы Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сондықтан инфрақұрылымдық жобалар өнеркәсіпті дамыту, өңдеу секторын кеңейту және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеттерімен ұштасуы тиіс. Бұл ретте жобалардың экономикалық тиімділігін, нақты сұранысты және ұзақ мерзімді пайдалану шығындарын алдын ала бағалау маңызды. Инвестицияның нәтижесі салынған нысандардың санымен емес, олардың экономикаға қосқан үлесімен және халықтың өмір сапасына тигізген әсерімен өлшенуі керек.
Осы мақсатта инженерлік желілердің қолжетімділігі, жолдардың сапасы, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және тұрақты жұмыс орындарының саны секілді нақты көрсеткіштерге сүйену қажет. Мұндай тәсіл «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық әрі әлеуметтік қайтарымын бағалауға мүмкіндік береді.
«Халықтық құрылыс» бастамасының маңызды қырларының бірі өңірлердің инфрақұрылымдық қажеттіліктерін ескеру. Ірі қалаларда заманауи қызметтер мен инвестициялық мүмкіндіктер шоғырланғанымен, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде ауыз су, газ, сапалы жол және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі өзекті мәселе болып қала береді.
Сондықтан барлық өңірді қамтитын жобалар тізімін әзірлеу тапсырмасының мәні зор. Дегенмен өңірлік әділеттілік барлық аумаққа бірдей көлемде қаражат бөлумен шектелмеуі керек. Оның негізгі қағидаты әр өңірдің нақты қажеттілігін анықтап, халық үшін ең маңызды мәселелерді басымдықпен шешу.
Бір елді мекен үшін ауыз су жүйесін жаңарту бірінші кезектегі міндет болса, екіншісіне аудандық аурухана немесе жедел жәрдем станциясы, ал үшіншісіне сапалы жол мен тұрақты көлік қатынасы қажет болуы мүмкін. Демек, инвестициялық шешімдер халық саны мен орналасу ерекшелігін, инфрақұрылымның тозу деңгейін, әлеуметтік сұранысты және аумақтың болашақтағы даму әлеуетін ескере отырып қабылдануы тиіс.
Жергілікті шағын және орта бизнесті құрылыс жұмыстарына тарту да өңірлік экономиканы жандандырудың маңызды тетігі бола алады. Алайда бұл нәтиже өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, әділ бәсекелестік, мердігерлердің кәсіби жауапкершілігі және орындалған жұмыстардың сапасын бақылау қамтамасыз етілуі қажет. Сонымен қатар халықтың инфрақұрылымдық жобаларды талқылауға қатысуы маңызды. Жергілікті тұрғындар өз аумағындағы шешімін күткен мәселелерді, нақты қажеттіліктерді және нысандарды пайдалану кезіндегі ықтимал қиындықтарды жақсы біледі. Сондықтан қоғамдық пікірді жобаларды жоспарлау кезеңінен бастап ескеру мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және азаматтардың билік институттарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бастамасының халықтық сипаты үш негізгі өлшеммен айқындалады. Біріншісі, жобалардың азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкестігі; екіншісі, қаржыландыру мен құрылыс үдерісінің ашықтығы; үшіншісі, қол жеткізілген нәтижелер үшін нақты жауапкершіліктің болуы.
«Халықтық құрылыс» бастамасының стратегиялық мәні де осында жатыр. Инфрақұрылымды дамыту арқылы экономикалық өсім мен қоғамдық әл-ауқаттың арасындағы байланысты нығайту. Оның нәтижесі салынған нысандардың санымен ғана емес, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықтың қысқаруымен, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігімен, жергілікті экономиканың жандануымен және азаматтардың өмір сапасының жақсаруымен бағалануы тиіс.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы тұсында бұл міндеттің маңызы ерекше. Өйткені мемлекеттің тарихи жетістіктері мен болашаққа деген стратегиялық ұмтылысы халықтың күнделікті өмірінде нақты нәтижелермен бекітілгенде ғана қоғамдық сенім мен ортақ жауапкершіліктің берік негізі қалыптасады.
Егер «Халықтық құрылыс» жобалары нақты қажеттіліктерге сүйеніп, қаржылық тәртіп пен қоғамдық бақылау талаптарын сақтай отырып жүзеге асса, бұл бастама инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, Қазақстанның әлеуметтік мемлекеттілігін нығайтуға, өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға және болашақ ұрпаққа сапалы даму ортасын қалдыруға қызмет ете алады.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы тұсындағы инфрақұрылымдық жаңғыру бүгінгі қажеттіліктерді шешу ғана емес, болашақ Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктеріне, қоғамдық әл-ауқатына және ұрпақтар сабақтастығына салынған инвестиция деуге болады.
Нұрбек Пұсырманов,
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор