2026 жылғы 17-19 қыркүйек аралығында Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында Астана қаласының М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері спектакльдерін ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл сапар — жай ғана гастрольдік сапар емес, достық пен құрметтің белгісі. Биыл өзінің 126-маусымын ашқалы жатқан елордалық ұжым әріптестерін айтулы күн — теріскейдегі ең көне театрдың 140 жылдық мерейлі маусымымен құттықтауға келеді. Осылайша, бір сахнада өнерге және өз көрерменіне деген шынайы махаббат байланыстырған екі дәуір, екі шеберлер буыны тоғыспақ.
Горький театрының ұжымы гастроль үшін халықтың жүрегінен ертеден орын алған қойылымдарды іріктеп алды. Әрбір кеш ерекше болмақ.

Көрермендер не тамашалай алады:
- «Гроза» (А.Н. Островский) — ескірмейтін хикая. Махаббат, бостандыққа деген құштарлық және адамның өз болмысын сақтап қалуға төлейтін құны туралы. Терең, әсерлі әрі жанды тазартатын драма.
- «Восемь любящих женщин» (Р. Тома) — нәзік детективтік трагикомедия. Жайлы үйдің жабық есігінің ар жағында үлкен құмарлық қайнап, отбасылық құпиялар ашылады, ал кімнің кінәлі екені көрермен үшін ең соңғы минутқа дейін жұмбақ күйінде қалады.
- «Евгений Онегин. Сцены из романа. Наши дни» (А.С. Пушкин) — хрестоматиялық сюжетке батыл әрі жаңаша көзқарас. Таныс кейіпкерлер көрермен алдында олардың тарихы дәл қазір және осында болып жатқандай — дәл сондай күмәнмен, қателіктермен және үмітпен көрініс табады.
- «Щелкунчик» (Т. Уфимцева) — кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналарына арналған тарту. Ғажайып сезімін сыйлайтын және демалыстың тамаша аяқталуына айналатын мейірімді, сиқырлы ертегі.

Петропавл тұрғындары мен қонақтары үшін бұл гастрольдер — өз қаласынан шықпай-ақ еліміздің жетекші труппаларының бірінің қойылымдарын тамашалаудың тамаша мүмкіндігі. Ал екі театр үшін бұл — көп жылдар бойы бірге жазып келе жатқан ортақ шежіренің тағы бір жаңа парағы.