Елордада жыл басынан бері 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордада "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша бақылау жұмыстары күшейтілді. Негізгі мақсат – қала аумағын таза ұстау ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Жыл басынан бері елорда аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру және қоғамдық орындарды күтіп ұстау талаптарын бұзудың 30 мыңнан астам фактісі анықталды. Заң талаптарын елемеген азаматтар мен жауапты тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда. Кезекті рейд барысында Тілендиев пен Бейсеков көшелерінің қиылысында қоқыс қалдықтарының жиналғаны анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік мәселесі қаралды. Қоқысты белгіленбеген орынға тастау немесе аумақтың тазалығын қамтамасыз ету талаптарын сақтамау – жай ғана абаттандыру мәселесі емес, бұл заңмен белгіленген талаптарды бұзу. Мұндай әрекеттер қала тұрғындарына қолайсыздық келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келтіреді және елорданың санитарлық-экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді.
"Таза Қазақстан" – бір күндік акция емес, ортақ жауапкершілікке негізделген тұрақты жұмыс. Әрбір тұрғыннан қарапайым талаптарды сақтауды сұраймыз: қоқысты тек белгіленген орынға тастау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Таза қала – ортақ міндет. Тазалық тәртіптен басталады.