Қазақстан – біздің туған жеріміз, ортақ үйіміз. Осы елде өсіп-өндік, білім алдық, еңбек еттік, отбасын құрдық, балаларымызды тәрбиелеп келеміз. Сондықтан еліміздің әрбір жетістігі бізді қуантады, ал шешімін күткен мәселелері бейжай қалдырмайды.
Мен үшін Отанды сүю – тек жақсы жағын айтып, мақтану емес. Елдің кемшілігін де көріп, оны түзетуге өз үлесіңді қосу.
Денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы еңбегім мен мәслихат депутаты болған кезеңдерімде бір нәрсеге көзім жетті: елдің дамуы қабылданған шешімдердің санына емес, олардың қаншалықты ойластырылғанына, халыққа қаншалықты пайдасы тиетініне байланысты.
Бүгінде қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл – заңды құбылыс. Халықтың пікірін тыңдау, орынды сыннан қорытынды шығару қажет. Ал жауапты қызметте жүрген әр адам өз шешімінің артында адамдардың тағдыры тұрғанын ұмытпауы керек.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз аз жол жүрген жоқ. Қаншама еңбек сіңірілді, қаншама іс атқарылды. Әр жетістіктің артында өз ісіне адал, елінің болашағына бейжай қарамайтын адамдар тұр. Бізде мақтан тұтатын жетістіктер де, әлі шешімін күткен мәселелер де бар. Жақсысын бағалап, кемшілігін түзете білсек деймін.
Мен Қазақстанның болашағына сенемін. Өйткені елімізде білімді, еңбекқор, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, туған жеріне шын жанашыр адамдар көп.
Еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы, балаларымыздың жарқын болашағы – бәріміз үшін қымбат.
Республика күні құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, бірлігіміз бекем болсын!
Алтыншаш Табулдина,
Астана қалалық №5 емханасының директоры