Туған жерге ту тік!

Туған жерге ту тік!
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №55 «Қарақат» балабақшасында «Қазақстан – менің Отаным» атты мерекелік ашық тәрбие сағаты өтті.

Балалардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру және еліміздің тарихы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында «Балдәурен» мектепалды даярлық тобының тәрбиешілері Айтбала Елубаева мен Айдана Күмісбекова бүлдіршіндерге Қазақстанның тарихы, тәуелсіздігі, Мемлекеттік рәміздері мен жетістіктері туралы әңгімеледі. Тәрбиеленушілер болса патриоттық тақырыпта өлеңдер оқып, мың бұрала би биледі.

– Егемендікке қол жеткізуді аңсап, өмірін күреспен өткізген ата-бабаларымыздың асыл арманы – тәуелсіздігімізді баянды ету – бүгінгі ұрпақ үшін жауапкершілігі зор міндет. Күнделікті жұмыс барысында балақайларға Отанымыз – Қазақстан Республикасы, жеріміз кең, табиғатымыз бай, халқымыз қонақжай екенін үнемі еске салып, ата-бабадан қалған ән мен күйді үйретіп, оларды құрметтеуге, туған жерді аялап-қорғауға, сүюге баулып келеміз. Бұл бағытта «Балдәурен», «Балбөбек», «Қызғалдақ» және «Бәйшешек» топтарында мерекелік ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылып, оған ата-аналар да белсене атсалысады. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы біз, тәрбиешілер, жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты нығайтып, елін, жерін құрметтеуге тәрбиелейміз, – деді тәрбиеші Айтбала Зейноллақызы.