Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде «Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек» дей келе, қашанда жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажеттігін атап өтті.
Биыл Ұлттық домбыра күні 5 шілдеге сәйкес келіп тұр. Бұл мерекені ертең тоғызыншы рет атап өтеміз. Президент айтқандай, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Мәселен, күй өнерін алғанда, елордада күй атасы Құрманғазының ескерткіші бар екені белгілі. Осыдан 5 жыл бұрын дәл Ұлттық домбыра күні оның шәкірті, күй анасы Дина Нұрпейісованың ескерткіші бой көтерді. Бір жылдан кейін оның айналасында «Күйшілер» аллеясы ашылды. Онда төл өнерімізге қатысты мүсіндер, қазақ халқының күйшілері мен күйші-композиторларының, жыраулар мен жыршыларының есімдері қашап жазылған қос белгітас орнатылды.
5 шілде күні осы аллеяда Ұлттық домбыра күні мен Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай төл өнеріміз күйді дәріптеу мен жастар арасында насихаттау мақсатында «Күй жәрмеңкесі» өтеді. Іс-шарада күйші-композиторлардың ұлттық тәрбие бағытындағы шығармалары туралы айтылып, күйлер күмбірлейді. Күй тартысы сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый ретінде үкілі домбыра мен «Күй анасы» кітабы тапсырылады.
Үш жыл бұрын елордадағы №1 өнер мектебіне шертпе күй алыбы Тәттімбеттің есімі берілді. Осы мектеп ауласында ескерткіші қойылды. 2023 жылы Түркия төрінде де, бауырлас елдің астанасы Анкара қаласында Тәттімбеттің еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл – қазақ күйін, күйші-композиторларды ұлықтау халықаралық деңгейге шығып кеткенінің белгісі.
Соңғы жылдары күйшілерді, дәстүрлі әншілерді құрметтеу ісіңе де көңіл тоғаяды. Төл өнерімізге сүбелі үлес қосып келе жатқан өнерпаздар түрлі жоғары атақтарды иеленіп келе жатыр. Атап айтқанда, көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбек Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Одан екі жыл өткенде Қазақстанның халық әртісі атанды.
Жалпы әлдебір себеппен Халық әртісі атағын беру 1999 жылы тоқтатылған еді. Президенттің пәрменімен ширек ғасырдан кейін қайта жаңғырды. Содан бері бұл атақты күйші-композитор, дирижер Айтқали Жайымов, күйші Айгүл Үлкенбаева, дәстүрлі әншілер Рамазан Стамғазиев пен Айгүл Қосанова иеленді. Біз төл өнерімізге қатысты есімдерді ғана атадық, әйтпесе осы жылдары Халық әртісі атанғандардың арасында белгілі әртістер, опера мен эстрада әншілері де бар.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әйгілі әнші, ұстаз Қайрат Байбосыновқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Президент өз сөзінде бұл марапат әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі екенін атап өтті. Қайрат Әукенұлы болса, осы атақты Президенттің қолынан алып тұрып, Мемлекет басшысына алғыс айта келе: «Бұл тек маған ғана емес, бұл – ұлттық өнерге, дәстүрлі ән өнеріне беріп отырған сіздің бағаңыз. Жастарымыздың ұлттық өнерге деген құлшынысы арта берсе екен деген ниетпен осы салада көп жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Екіншіден, сахнада маған қошемет көрсеткен халқыма ризашылығымды білдіргім келеді. Осының бәрі халықтың арқасы» деген еді. Иә, атамұра өнерді өзгеше өрнегімен, бедерлі бояуымен байытқан, жарты ғасырға жуықтаған ұстаздық еңбегі арқылы қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарған ән алыбы ұлттық өнерге мінсіз қызмет ету арқылы осынау биікке көтерілді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін қолдау, дамыту және насихаттау мақсатында Umai ұлттық сыйлығы тағайындалды. Алғашқы жылы бұл сыйлықты «Музыкалық-орындаушылық өнер» аталымында үздік дәстүрлі орындаушы (аспапшы) аталымында дәулескер күйші, ұстаз Жанғали Жүзбай, екінші жылы дәстүрлі әнші Асқар Мұқият иеленді. Ал былтыр Жанғали Әлімханұлы Түркияның Алания қаласында өткен медиа саласының мамандарының V халықаралық кеңесінде Ысмайыл Гаспралы атындағы сыйлықпен марапатталды. Бұл да жеке өнерпаздың ғана емес, қазақ күйінің әлемдік деңгейде мойындалуы деп есептейміз. Айтқандай, домбыра күйлерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгеніне 10 жылдан асты. Бұған да Жанғали Жүзбайдың қосқан үлкен үлесі бар.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Сол мақсатта «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындауға тапсырма берді. Тиісті жұмыс басталып, қазір жүргізіліп жатыр. Бұл – төл өнерімізді, ұлттық домбыраны, өнерпаздарды ұлықтау тоқтамай, жалғаса береді деген сөз.