Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде 25 қазан – Республика күніне орай оқушылардың азаматтық ұстанымын нығайтып, отансүйгіштік рухын қалыптастыруға бағытталған бірыңғай сынып сағаттары өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара аясында 1–4-сынып оқушыларына «Менің Қазақстаным», ал 9–11-сынып білім алушыларына «25 қазан – Республика күні» тақырыптарында тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Бастауыш сыныптарда оқушылар туған жер, Отан, мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін толықтырып, Қазақстанға деген сүйіспеншілігі мен мақтанышын арттыруға мүмкіндік алды. Ал жоғары сыныптарда елдің егемендікке қол жеткізу жолы, мемлекеттік тәуелсіздіктің тарихи негіздері және Қазақстанның даму кезеңдері талқыланды.

Тәрбие сағаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделіп, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай өткізілді. Сабақ барысында интерактивті тапсырмалар, танымдық сұрақтар, пікір алмасу, шығармашылық жұмыстар мен топтық талқылау әдістері қолданылды. Бұл тәсілдер оқушылардың тарихи танымын кеңейтіп, азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

Мектепте ұйымдастырылған бірыңғай сынып сағаттары жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне, ел тарихын тереңірек тануына және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарауына бағытталған тәрбиелік жұмыстардың маңызды бөлігі болды.

Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі мен егемендік жолындағы тарихи таңдауын айшықтайтын маңызды мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына берік негіз қаланды.