Жасөспірімдердің бір-біріне күш көрсету, қорқыту оқиғалары тыйылмай тұр. Буллингтің алдын алмаса, қоғамның өткір мәселесіне айналып кететін түрі бар.
Бізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мықтап орнығуда. Астананың барлық мектептері мен колледждерінде халықаралық үздік тәжірибелерге негізделген «DosbolLIKE» бірыңғай антибуллингтік бағдарлама жұмыс істейді. Бұл оқушылар арасында «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Бас прокуратура мәліметінше, кейінгі үш жылда, кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Осы кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңға жуығы полицияның профилактикалық есебіне алынған. Тек биылдың өзінде буллинг деректері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.
Сондай-ақ буллингке байланысты осы деректердің көпшілігі бас қалаға тиесілі екен. Бұл әлімжеттіктің артуын емес, қайта бейнебақылау камералары, QR код, жалпы қадағалаудың жолға қойылғандығын білдірсе керек-ті. Осыған орай, Астана қаласы Полиция департаментінің Алматы аудандық полиция басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция майоры Ақдидар Нәлібекқызы ой бөліскен еді.
– Қазір цифрландыру дамып жатыр. Әлеуметтік желіде әртүрлі дүние бар. Оның үстіне ата-аналар күні-түні еңбек етіп, отбасын асыраймын деп, баласына көңіл бөлуге уақыты да аз. Кейбір ұсақ бұзақылыққа барған, келеңсіз жағдайларға тап болған балалармен сөйлессеңіз, мейірім жетіспегенін аңғарамыз. Түнгі ойын клубтарда жүретін жасөспірімдер де кезігеді. Бірақ жасалған теріс әрекет кәмелеттік жасқа толмаған балаларды да, оның ата-анасын да жауапкершіліктен құтқармайды. Біз ұрпақтың санасын улайтын әрекеттерден сақтансақ, қоғамда Заң мен тәртіп сақталып, ел гүлдене түсері анық, – деді қалалық полиция өкілі.
Елдегі ахуал да алаңдатады
Буллинг бойынша, биылғы жылдың өзінде ІІМ-не өңірлерден біраз факті тіркелген. Таяуда Алматыда екі жасөспірім қыз үшін жанжалдасып, ақыры қайғылы жағдаймен аяқталды. Бірақ кінәлі сотталмаған. Өйткені Қазақстанда кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан тартылады. Әлгі пышақ сұққан жасөспірім 13 жаста көрінеді. Алматы ПД мәліметінше, бар болғаны арнайы мамандандырылған мектеп-интернатқа жіберіліп, профилактикалық есепке алыныпты. Ұлытау облысы, Жаңаарқада оқушыға жасалып келген буллингті мектеп басшылығы жасырып қалуға тырысқан. Бар болғаны, күш көрсетіп, бопсалаған үш оқушының ата-анасына ғана айыппұл салған. Ақтауда да 11-сынып оқушылары 10-сыныптың оқушысын жабылып соққыға жыққан. Мұнда да зәбір келтіргендердің ата-анасына айыппұл салынған. Таразда да 10 сынып оқушылары жанжалдасып, біреуі бір көзінен айырылған. Кінәлі 7 жылға сотталыпты. Бұл фактілерден түсінгеніміз, заңнаманы қайта қарап, жазаны қаталдатпаса, әлімжеттік әл бермейтіні байқалады.
Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік көбейгендігіне белгілі заңгер Мейірман Шекеев те алаңдаушылықпен қарайды.
– Әлімжеттік фактілері көбейіп барады. Мектептерде жоғары сынып төменгі сыныптағыларға күш көрсететін болған. Мұны өздері «система» деп атайды. Жақында Таразда Мирас деген баланы өзінен бір сынып жоғары оқитын балалар дүкен алдында ұрып-соғып мерт қылды. Дәл осындай іс Семейде де болды. Яғни, әлімжеттікке қатысты 106-бап бойынша іс қозғалып, айыпкер 3,5 жыл бас бостандығынан айырылды. Заң бойынша аса ауыр қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген. Ал жалпы қылмыстық жауапкершілік 16 жастан қарастырылған. Білуімше, әр мектепте полиция инспекторы бар, бірақ ол бәрін бақылап жүре алмайды. Әскерде қайғылы жағдайлар бола берген соң, ең аяғында әжетханаға дейін бейнебақылау орнатты ғой. Сондықтан баланың бос уақытында қосымша үйірмелер ұйымдастырылып, білім ошақтарына да камералар орнатылу керек. Сонымен қатар әкімшілік құқықбұзушылықтың 127-бабына буллинг бабы енгізілді. Мұнда жауапкершілік оның ата-анасына ғана жүктеледі. Ал шетелде буллинг қылмыстық жауапкершілікпен тең. Сондықтан жауапкершілікті қатаңдатсақ екен, – дейді заңгер.
Былтыр заңнамамызға өзгеріс енгізілді. Мектепте баланы жәбірлеген адам 10 АЕК көлемінде 39 320 теңге айыппұл арқалайды. Егер сол бала бұл әрекетін қайталаса, айыппұл көлемі үш есеге дейін көбейіп, 117 960 теңге төлейді. 12-16 жас аралығындағы балалар үшін ата-анасы жауапты. Кейбір жағдайларда сол білім ошағының абыройын ойлап, әлімжеттік жай жылы жабылатыны да жасырын емес.
Әлем қалай күреседі?
Әлемде буллингпен әр ел әртүрлі күреседі. Таяуда Түркияда 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желіге тіркелуге, қатыгездікке байланысты, сананы улайтын түрлі контент таратушыларға қарсы заң күшіне енді. Аустралияда да 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге желіге тіркелуге тыйым салынды. Қытайда буллинг анықталса, жеңіл түріне ескерту, орта түріне ата-анасына айыппұл салынады, ауыр түріне арнайы қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал АҚШ-та буллингке барған балаға ескерту беріліп, қатаң тізімге енеді, тіпті болмаса апта бойы сабаққа келуі шектеледі, келешекте ЖОО оқу орнына түсе алмауы ықтимал, ауыр іс-әрекетке барса, мүлдем мектептен шығарып жіберіп, өмір бақи білім алу құқығынан айрылуы мүмкін. Осылайша, өз өміріне балта шауып алуы ғажап емес. Дәлірек айтқанда, дамыған елдерде «Заң мен тәртіп» өте қатал.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесін шешуде «тұтас қоғам болып күресу керек» деген пайымды педагог-психолог, PhD доктор Айгүл Ахметова да қоштайды.
– Өзінің ортасын мектепте, үйде таппаған жеткіншектер көшенің тәрбиесіне еліктейді. Соның салдарынан компьютер және түнгі клубтарды жағалап, әлеуметтік желіден неше түрлінің бәрін көріп отыр. Бізде матриархалды отбасылар көбейіп, кейбір әйелдер баланы өздері тәрбиелеуге көшті. Мектептегі психологтар, әлеуметтік педагогтар жалақысы небәрі 100-150 мың теңге көлемінде болғандықтан, олар құжат толтырып қана отыр. Бұрынғыдай ұрпағына қазақи тағылым беретін ата-әжелер институты да әлсіреді. Бірақ буллингтен шығудың жолы бар. Аустралияда 16 жасқа дейінгі жас өрендерге ғаламторды шектеді. Бұл – жақсы бастама. Отбасында ер-азаматтың табысына қарамай беделін көтеріп, әлеуметтік желіні шектеп, қазақтың «ұят болады» сөзінің моральдық ұғымын арттырып, үлкендер өзіміз жас ұрпаққа үлгі болсақ, мектепте де, әскерде де әлімжеттік тыйылар еді, – деп түйді психолог.
Тоқетері, буллинг жай ғана жасөспірімдер арасындағы ерегіс-төбелес қана емес. Буллингті қадағаламаса, дене жарақатын салып, жазым етуге дейін баратын аса ауыр қылмыс ретінде қараған абзал. Әйтпесе, бір үйдің үкілеп отырған үміті, білім қабырғасында жүріп, қыршынынан қиылса, қылмысты ашқанымен, ата-анаға бала тауып бере алмайтыны анық. Қазақ еліне дені сау, ақыл-есі дұрыс, алғыр ұрпақ қажет.